Құранда бес уақыт намаз оқыңдар деп айтылмағаны рас па? ҚМДБ мәлімдемесі

Құранда бес уақыт намаз оқыңдар деп айтылмағаны рас па? Бұл сұраққа қатысты Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚМДБ мәліметінше, соңғы кезде әлеуметтік желіде публицист Серік Рысжанов Құран кітапта ашық баяндалған аяттарды жоққа шығарып, мұсылмандар арасында алауыздық тудырып жүр. Ол youtube жобаларға берген сұхбатының бірінде "Құранда бес уақыт намаз оқыңдар деп айтылмаған" деп айтқан. 

Діни басқарма намаз оқуға қатысты Құран кітапта қандай аяттар бар екенін келтірген. 

"Алла Тағала Құранның "Ниса" сүресінің 103-аятында: "...Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар... Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді" деп бұйырған", - делінген басқарма жазбасында.

Бұдан бөлек, жазбада бес уақыт намаз оқуға қатысты Құранда бар аяттар жазылған:

  • "Ендеше, кеш батырып, таң атырғандарыңда (яғни кешкі, түнгі және таңғы намазда) Алланың мінсіз, кемшілік атаулыдан ада екенін айтып жар салыңдар!" ("Рұм" сүресі, 17-аят);
  • "Екінді және түскі уақытта (яғни екінді және түскі намазында) да; көктерде де, жерде де бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіне ғана тән екенін айтып жар салыңдар!" ("Рұм" сүресі, 18-аят);
  • "Күндіздің екі уақытында (бесін, екінті), сондай-ақ түннің күндізге таяу уақыттарында (таңсәрі, ақшам, құптан) намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни, кішігірім күнәларды) жояды. Бұл - ойланып, ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат" ("Һуд" сүресі, 114-аят).

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы Серік Рысжанов мұсылман қауымынан кешірім сұрауы тиіс екенін жеткізді.

"Осындай ашық аяттарға қарсы келу нағыз адасушылық деп есептейміз. Еліміздегі әрбір азамат қазақ қоғамының тұтастығын сақтауға мүдделі болуы керек.

Серік Рысжанов өзінің арнайы діни білімінің болмағанына қарамастан Құранды өз бетінше түсініп, мұсылман жамағатының діни сеніміне сызат түсіріп, іріткі салғаны үшін мұсылман қауымынан кешірім сұрауы тиіс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шығушылыққа, діни құндылықтарды теріс бұрмалаушылыққа, парыздар мен діни рәсімдерді жоққа шығарып, қоғамда бүлік пен алауыздық тудырған азаматтардың үстінен сотқа шағым түсіретінін мәлімдейді", - делінген жазбада.

Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ "Мұсылмандарға жаңа жыл тойлауға бола ма?" деген сұраққа жауап берген болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Әлемдегі ең қымбат блогер кім?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз