"Суықта электр жылытқыш қосатынбыз". 5 балалы отбасы батареясыз пәтерде қысты қалай өткізген?

"Өткен жылдың қысын осында еш жылусыз өткіздік. Электр жылытқыш қосып жылынатын едік", - дейді Астана тұрғыны Сәния Сейткенова. Ол екі жыл бұрын отбасымен елордаға көшіп келген. Екіқабатты ескі үйден ипотекаға пәтер алған. Көпбалалы отбасы алғашқы қыстан-ақ жылу жүйесі жоқ үйде қиындыққа тап болған.

"Пәтерде батарея да болмады. Ал біздің жаңа туған нәрестеміз бен төрт баламыз бар еді", - дейді әйел. Енді олар үшін суық күндер мен азынаған аязды түндер артта қалды. Сәния Астана мен Алматы қалаларындағы тегін газдандыру акциясына қатысушылардың соңғысы болып тізімге ілінді. Газдың қосылуы 5 бала мен оның ата-анасын қалай қуантты? Толығырақ Tengrinews.kz материалында баяндалады.

Сәния Алтай өңірінің тумасы. Павлодар қаласында 6 жыл педагог мамандығы бойынша білім алып, болашақ жарын кездестірген. Той болып, екеуі Павлодар қаласында тұрған. Кейіннен отбасы елордаға жақындау болсын деп Ақмола облысындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы елдімекенге қоныс аударған.

"Алғашқы кезде пәтер жалдап тұрдық. Кейіннен жер сатып алып, жұбайым үй соқты. Қысқа дейін үйдің шатыры мен қабырғасын қымтап үлгермей, қатты тоңғанымыз әлі есімде. Пеш жағып қиналған кездер де есте. Мен өмірімде пеш жағып көрмегенмін, сондықтан да отты күйеуім жағатын. Көмір сатып алуға кем дегенде 200 мың теңге кететін. Бұл бір қиыншылық қана еді. Ішетін суымызды да қаладан тасып ішетінбіз, - дейді Сәния.

Көпбалалы ана үшін ең қиыны – күйеуі жоқта көмір әкеліп, күлін шығарып, пешті қадағалап отыру еді. Балаларды қарап, үлкен ұлын қалаға оқуға алып барып, одан қала берді үй шаруасына да үлгеру оңай болмаған.

"Күйеуім таңнан кешке дейін жұмыста болатын. Көпбалалы отбасыны асырау оңай емесін өзіңіз де жақсы білесіз. Ол бірнеше жерде жұмыс істеп жан бақтық. Сондықтан да үйдегі шаруалардың бәрін өзім атқарып жүрдім. Күн суыта бастаса қорқатын едім, себебі қайтадан пеш жағып, отын тасу азабы басталады. Жыл сайын балаларымызбен жылы үйде, жайлы жағдайда тұрсақ деп армандайтынмын", - дейді Сәния.

Елдімекенде балалар үшін қосымша секциялар аз болғандықтан Сәния күйеуімен ақылдаса келе екі жыл бұрын қалаға қоныс аударуға шешім қабылдаған.

"Ауылдағы мектепте жоғары сынып оқушыларына арналған қосымша домбыра сабағы ғана болды. Ал мен балалар әртүрлі қосымшаларға қатысып, спорт пен шығармашылық секцияларға қатысуын қаладым", - дейді кейіпкеріміз.

Қазір көпбалалы отбасы "Көктал" тұрғын үй алабындағы екіқабатты үйдің екі бөлмелі пәтерінде тұрады. Бұл үйде орталықтандырылған жылыту жүйесі болмағандықтан, әркім пәтерін әрқалай жылытады.

"Біз мұнда 2022 жылы көшіп келдік. Пәтерде бірде бір батарея, жылы су болған жоқ. Жиып-терген бар ақшамызды осы үйді ипотекаға алуға жұмсадық, ал жылыту жүйесін жасатуға қаржымыз болған жоқ. Күйеуім жылы еден мен бойлер ғана орнатып үлгерді. Алғашқы суықтан кейін-ақ жылы еден бізге көмектеспейтінін ұғындық. Оның үстіне біздің пәтеріміз бірінші қабатта. Қолымда жаңа туған нәресте болды. Электр жылытқыш қосу арқылы жан бақтық. Ас үй тіпті суық болды, онда жылы еден орнатылмаған еді, - деп еске алады.

Сәнияның айтуынша, күйеуі екеуі қанша жолын қарастырса да, пәтерге газ кіргізуге қаржыны жеткізе алмаған. Осылайша жыл өте шығыпты. Жазғы демалыс кезінде ол балаларымен ауылына кеткен. Қыркүйек айында келгенде көршілері үйіне тегін газ кіргізгенін есітіпті.

"Ауылдан келгенімде көрші әйел зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар үшін әкімдік тегін газдандыру бойынша өтініш қабылдап жатқаны жайлы айтты. Біз қалада болмағандықтан уақытылы құжатын өткізіп үлгермедік. Толығырақ білу үшін әкімдікке бардым. Одан кейін мені Халыққа қызмет көрсету орталығына жіберді, ешкімнен нақты ақпарат ала алмадым. Көңіл күйім түсіп, жолда жаңбыр астында қалып үйге қапа боп оралдым. Қатты жылағым келді. Тағы да қысты қиындықпен өткізетін болдық деп ойладым. Енді ғана еңбектей бастаған қызым қалай болады? Суық пәтерде қиын боларын ойлап, көз жасыма ерік бердім, - дейді.

Араға апта салып көпбалалы ана әкімдікке қоңырау шалады. Ол тегін газдандыру акциясы жайлы білмеген де еді.

"Қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым, бірер күннен кейін әкімдіктен қоңырау шалып, бізді тізімге қосқаны жайлы хабарлады. Сөйтсек өтініш бергендер арасында біреу акция талаптарына сай келмепті. Осылайша бір орын босап, біз қабылдандық. Келіп біздің анық осында тұратынымызды тексеріп кетті. Кейін келісімшартқа қол қойғанда ғана бұл Халық банктың акциясы екенін білдім, - дейді көпбалалы ана.

Қазір Сәния отбасымен жылы және жайлы пәтерде тұрып жатыр. Ол бос уақытында жаңа дағдыларды меңгеру үшін түрлі курстар арқылы кәсіп меңгеруді де қолға алған.

"Бұрын пеш жағып, көмір тасуға кететін уақытымыды қазір курстарға арнаудамын. Үйде отырып кондитер болып, торт пісіретін болдым. Бес баламен маған жұмыс істеу қиын, сондықтан дала кезбей осы жұмысты жасау маған ыңғайлы әрі қосымша табыс көзі. Үй жылы болып, балалар жиі ауырмайтын да болды. Тегін газдандыру акциясына іліккенімізге өте қуаныштымын. Мен үмітімді үзіп те қойған едім. Бірақ сәті түсіп, бұйырған екен, - дейді.

Бүгін Сәния жұбайы және төрт баласымен бір жасқа толып жатқан қыздарының туған күнін атап өтуге дайындалуда. Үйден бауырсақ пен мандарин иісі аңқиды.

"Ертең біздің кенжеміздің туған күні. Бір жыл бұрын суық пәтерде отырып, біздің үй жылы болып, балалардың шолақ жейдемен жүгіріп жүретінін армандай да алмаған едім. Мен енді жылы асүйде отырып ыстық шайымды еркін іше аламын. Бұл да бір біз күткен бақыт", - дейді біздің кейіпкеріміз.

Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.

 Серіктестік материал