Еліміздегі мұнай қоры неше жылға жетеді?

Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов елімізде қанша тонна мұнай қоры барын, ол қанша жылға жетуі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінде мемлекеттік баланста 15,5 миллиард тонна мұнай қоры бар. Сондай-ақ, 4,4 миллиард тонна мұнай өндіріліп жатыр. Бұл мұнайдың А, Б және С 1 категориясы бойынша. Жалпы мұнай қоры екіге бөлінеді: геологиялық - 15,5 миллиард тонна, өндірілетін - 4,4 миллиард тонна. Сондай-ақ, газдың 3,8 трлн текше метр қоры тіркелген", - деді Асхат Хасенов Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Сонымен қатар, министрдің орынбасары Қазақстандағы мұнай қоры неше жылға жетуі мүмкін екенін жеткізді.

"Математикалық әдіспен есептеп көрейік. Мысалы, өндіріліп жатқан 4,4 миллиард тоннаны алайық. Жыл сайын 100 млн тонна мұнай өндірсек, ол бізге 40-45 жылға жетеді. Бірақ бұл 45 жыл ішінде (мұнай қоры - еск.) таусылады дегенді білдірмейді. Жыл сайын жаңа кен орындары барлаудан өтеді. Нәтижесінде қор көлемі артуы мүмкін", - деді вице-министр.

Аяз Есен 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!