50-ден астам азаматты алдаған павлодарлық әйел Краснодарда ұсталды

50-ден астам азаматты алдаған павлодарлық әйел Краснодарда ұсталды
Фото: Polisia.kz

50-ден астам азаматты алдаған павлодарлық әйел Краснодарда ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Павлодар облысының жедел қызметкерлері көрші мемлекеттегі әріптестерімен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген Павлодар қаласының тұрғынын Краснодар қаласындағы жалдамалы пәтерде ұстады.

"2021 жылғы қыркүйектен бастап 2023 жылғы қазан айына дейінгі уақыт аралығында 47 жастағы павлодарлық әйел бизнесті дамыту және қарттар үшін ақылы пансионат ашу сылтауымен жалпы сомасы 400 млн теңгедей қаражатты иеленгені анықталды. Қазіргі уақытта "қашқын" Краснодар қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Сот іздеуде жүрген адамға қатысты 40 тәулік мерзімге экстрадициялық қамауға алуға санкция берді", – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Айта кетейік, криминалдық полицияның сот төрелігі органдарынан жасырынған және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп жатыр. Ұзақ уақыт бойы ақпарат жинау және нұсқаларды қайта қарау, сайып келгенде, қылмысты ашумен аяқталады. Тек осы жылы Павлодарлық жедел уәкілдер 155 қылмыскерді іздеп тапты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина