Бурабайда бұралқы иттер жабайы елікті талап жеген

Бурабайда бұралқы иттер жабайы елікті талап жеген
Фото: Видео кадры

Бурабайда бұралқы иттер жабайы еліктерге ауыз салды. Бірнеше қаңғыбас ит борша-борша еткен еткен елікті әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жария етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде таралып кеткен видео авторының айтуынша, қаңғыбас иттер адамдар өтіп жатқанынан қорықпай, қаланың қотанына кірген еліктерге шабуыл жасап, талап өлтірген. 

Желі қолданушысы қаңғыбас иттердің даланың ерке жануарын жеп жатқанының үстінен түсіп, видеосын жария етті. 

"Бүгін 25 желтоқсанда Щучинск қаласында бұралқы иттер елікті аулап жеп жатыр. Билік әдеттегідей ештеңе істемейді. Қаңғыбас иттерді аулаумен айналыспайды. Салдарынан, міне, олар табиғатта дала жануарларын аулап жатыр. Елікті тамақтан тартып, терісін жұлма-жұлма еткені көрініп тұр. Бұл - шыны зауыты ауданы", - дейді видеоны Желіде бөліскен қала тұрғыны. 

Еліктің бұралқы иттермен таланғанына іші ашыған тұрғындар наразылығын білдірді.

"Балаларды талап өлтіргенде ғана қаңғыбас иттерді аулайды", "Бүкін елік, ертең адамға шабады. Ересек адамға шабуыл жасау қиын болғандықтан келесі кезекте балалар болуы әбден мүмкін", "Қаңғыбас иттің бәрін ұстап қамау керек", - деп жазды тұрғындар. 

Тұрғындар жабайы жануардың өлімін бұралқы иттерден көргенімен, Ақмола облысының ветеринария басқармасының жауабы мүлде басқа нұсқада болды.

"Бурабай ауданы бойынша 2023 жылы 249 қаңғыбас иттер мен мысықтар ауланды. Елік жабайы фаунаға жатады. Елік жолдан өтіп бара жатып, автокөлікке соғылып жарақат алуы мүмкін. Салдарынан жануар құлаған. Қала тазалығымен Щучинск қаласының коммуналдық қызметтері айналысады", - деді Ақмола облысының ветеринария басқармасынан. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз