Үндістаннан Әбілхайыр хан туралы құнды кітаптың көшірмесі елге жеткізілді

Үндістаннан Әбілхайыр хан туралы құнды кітаптың көшірмесі елге жеткізілді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Үндістаннан табылған Әбілхайыр хан туралы кітаптың көшірмесі елге жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында "Үндістан қорларындағы Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар мен архивтік деректер" атты ғылыми семинар өтті.

Семинар барысында Қазақстандағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди үнді елінің Патна кітапханасы қорынан табылған парсы тіліндегі "Тарих-и-Абул хаир хан" және "History of Mongols" кітаптарының көшірмесін тапсырды.

"Ата-бабаларымыз ортағасырлардан бері мәдени байланысын үзген жоқ. Үнемі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғанын қазіргі Үндістанның архив, кітапхана қорларынан табылып жатқан тарихи құжаттар айқындайды. Бүгін Қазақстанның Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына екі кітаптың көшірмесін тапсырдық. Қазақстанның зерттеуші ғалымдары кітаптарды аударып, зерттеу жүргізсе көптеген құнды мәліметтер таба алады деп сенемін. Қазір ғана тарихшы, ғалымдардың қазақ пен үнді қарым-қатынасы туралы зерттеу жұмыстарын естіп өте қатты қуанып отырмын. Сіздерде мықты ғалымдар көп. Біз бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы тарихты зерттеуде көптеген жетістіктерге жетеміз", - деді Санджай Веди.

Сонымен  қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ "Жазба жәдігер және рухани мұра" ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, PhD докторы Өмір Оразұлы дала элиталарына арнайы жазылған ортағасырлық түркі медициналық трактаттарының көшірмесін тапсырды. Олардың қатарында Көшім ханның жеке дәрігері болған Сұлтāн Әлӣ әл-Хурасанӣдің "Дастӯр ал-‘илāж" ("Емшілік дәстүрі") атты трактаты мен шайбанилердің ханы Абдаллатифтің жеке дәрігері Мулла Мухаммад Иусуфтың "Зубдат ал-каххалин" ("Көз дәрігерлерінің қаймағы") еңбегі бар. Ғалым қазақ тарихына, оның ішінде халықтық медицина саласына қатысты құнды трактаттар Үндістан Республикасының қорынан анықталып,  зерттелгенін мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова