Almaty Theatre сахнасында жаңа жылдық ертегілер балы өтеді

Almaty Theatre сахнасында жаңа жылдық ертегілер балы өтеді

Жаңа жыл қарсаңында Almaty Theatre ересектер мен жасөспірімдер үшін нағыз мерекелік қойылым Жаңа жылдық ертегілер балын тарту етпекші! 27-30 желтоқсанда хореография өнерін сүйер қауым "Щелкунчик", "Күлше қыз" және "Қар патшайымы" спектакльдерінің сүйікті кейіпкерлерімен бірге жаңа жылдық оқиғалардың ғажайып әлеміне қадам басады.

"Біз көпшілікке әйгілі бірнеше ертегіні біріктірген сюжет ойлап тауып, қалың көрерменге жаңа жылдық мерекелік көңіл-күй сыйламақшы болдық. Басты мақсатымыз - көрермен қауымды балет әлемінің атмосферасына бөлеу ғана емес, жасөспірім көрерменді өнерді осы түрімен таныстыру. Біз әр детальдің маңыздылығын сезініп, қабылдауға мейлінше жеңіл, ықшам форматты құп көрдік. Бұл кешке қатысқан көрермен өкініп қалмасы анық", - деген ойымен бөлісті, режиссер Мукарам Авахри.

"Астана Балет" театрының әртістері мен А.Селезнев атындағы АХУ студенттері ертегілердің жарқын бейнелерін сомдап, көрермен қауымды мейірім мен махаббат салтанат құрған жаңа жылдық сиқырға толы атмосфераға бөлейді. Көрермен қауым түрлі күйді басынан өткереді: Күлше қыздың ханзадамен кездескенін көріп, қуаныштан жүрегі елжіреп, Тышқан патшасымен айқасқан Шерткіш үшін алаңдап, Қар патшайымы жаудырған ызғарға қарамастан, Кайды құтқаруға барын салған Герданың қайсарлығына тәнті болады. Музыкалық-хореографиялық синтез көрермен қауымды ғажайыптарға, шытырман оқиғаларға толы сиқырлы әлемге жетелеп әкетеді.

"Бұл спектакльдер елордалық көрерменнің көзайымына айналған. Мұндағы ауқымды декорациялар мен әсем костюмдер ерекше әсерлі. Алматылық көрермен осы үш спектакльдің атмосферасын сезіне алады. "Жаңа жылдық ертегілер балында" жас шамасына қарамай, кез-келген көрерменнің көкейінен шығатындай бәрі бар: әсем музыка, сахнаның ерекше безендірілуі және орындаушылардың мінсіз шеберлігі", - деген ойын білдірді, "Астана Балет" театрының жетекші солисті Дилара Шомаева.

Театрдың жаңа жылдық атмосферасына шомып, балет өнерінің қызықты әлеміне қадам басқан әр адам "Жаңа жылдық ертегілер балының" сиқырын сезінеді. Бұл саяхатқа қатысқандардың әрқайсысы ұмытылмас әсер алып, сиқыр мен ғажайыпқа қайта сенетін болады. Сөйтіп, ертегі атаулы кітап беттерінде ғана емес, Almaty Theatre сахнасында да орын алатынына көз жеткізеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!