Қазақстандағы базарларды жаңарту керек – министр

Қазақстандағы базарларды жаңарту керек – министр
Фото: Yernar Almabek/Massaget

2025 жылға дейін еліміздегі базарларды жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның пікірінше, бүгінде сауда базарларының бәрі бірдей қала құрылысы, өрт және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. 

"Сондықтан бизнеспен бірге жаңартуды талап ететін базарлар анықталды. Қазіргі таңда 460 универсалды базардың (елімізде барлығы 722 базар бар) 195-ін заман талабына сай жаңарту керек. Олардың 121-і жаңартылды (2021 жылға дейін – 84, 2021 жылға дейін – 4, 2022 жылға дейін – 33). Қалған 74-і бойынша әкімдіктермен және базарлардың меншік иелерімен бірлесіп 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді", - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Арман Шаққалиев 2025 жылға дейін еліміздегі базарларды жаңарту керек екенін атап өтті.

"Жаңартуды аяқтаудың әртүрлі мерзімі белгіленді. Мысалы облыстар үшін – 2025 жыл, ал Астана мен республикалық маңызы бар қалалар үшін Алматы және Шымкент) – 2023 жыл. Барлық сауда базарлары үшін – 2025 жылы 31 желтоқсанға дейін жаңартудың бірыңғай мерзімін белгілеуге бастамашылық жасап, қолдауларыңызды сұраймыз", - деді ведомство басшысы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы