93 жасында ақын Мыңбай Рәш өмірден өтті

93 жасында ақын Мыңбай Рәш өмірден өтті
Фото: ашық дереккөз

Ақын, сатирик Мыңбай Рәш өмірден өтті. Бұл туралы әлеуметтік желіде Қасымхан Бегманов жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мыңбай Рәш ақсақал дүниеден өтті... Ақын, сатирик, әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мыңбай Рәш 1930 жылы 19 қазанда Семей облысы, Шұбартау ауданының 10-ауылында дүниеге келген. Кезінде Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін бітірген соң "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газетінде, "Ара-Шмель" журналдарында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде, "Ғылым" баспасы мен "Қазақстан" баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жемісті еңбек еткен. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1955 жылы "Алғашқы борозда" деген атпен жарыққа шықты. Қаламгер ағамыздың жиырмадан астам өлеңдер жинағы мен сатиралары кітап болып шыққан. Мыңбай Рәш көбінесе сатира жанрында еңбек етіп, сықақтары мен фельетондары, мысалдары көршілес, туысқан халықтар тілдеріне аударылған. Заманында сықақ жанрындағы еңбегін заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов ерекше бағалағанын жақсы білеміз. Кешеден бері Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы абыз ақсақалды соңғы сапарға шығарып салу мәселесімен айналысып жатыр. Жаназасы, асы қайда, қашан өтетінін қосымша хабарлаймыз. Ақын Мыңбай Рәш ағамыздың топырағы торқа, жаны жәннатта болсын", - делінген жазбада.

Massaget.kz редакциясы ақынның жақындарына көңіл айтады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова