Қазақстандықтар ұшақ бортына пышақ, кастет, оқтар алып кірмек болған

Қазақстандықтар ұшақ бортына пышақ, кастет, оқтар алып кірмек болған
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Көліктегі полиция департаменті 2023 жылы тіркелген ұшу кезіндегі заңбұзушылықтары туралы мәліметтерді жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті Tengrinews.kz ресми сауалына жауап беріп, көбінесе азаматтар ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені, сондай-ақ әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

"2023 жылдың басынан бері әуе кемесі бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін 187 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 51 шетелдік және 136 қазақстандық. Құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері - 50 АЕК, 172 500 теңге", - делінген хабарламада.

Көліктегі полиция департаменті қазақстандықтардың бортқа қару алып келу әрекеті туралы да хабарлады.

"Азаматтар әуе кемесі бортына әдейі немесе байқаусызда электрошок, суық қару – пышақ, кастет, телескопиялық таяқ, әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер, газ, сигнал және аэрозоль баллондарын өткізбек болған", - деп атап өтті ДПИ.

Құқық бұзушылық үшін қылмыстық және әкімшілік кодекстерде жаза қарастырылған.

ҚР ҚК-ның 287-бабы. "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру".

ҚР ӘҚБтК-ның 482-бабы. "Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз сатып алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы".

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Шәріпхан