Атырау облысында мәдениет үйі 5 миллион теңгеге картиналар сатып алғысы келген

Атырау облысында мәдениет үйі 5 миллион теңгеге картиналар сатып алғысы келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еріктілер 750 миллион теңгеден аса бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды. 2023 жылы жемқорлыққа қарсы волонтерлер 782 миллион теңге сомасына бағаны көтеру әрекетін болдырмады.

Мысалы, Маңғыстау облысының бюджетіне шамамен 200 миллион теңге қайтарылды. Биыл қазанда "Каспий жылу, су арнасы" МКК (Ақтау қ.) 247 миллион теңге сомасына "үш тізбекті станцияның" 1 данасын сатып алуды жоспарлаған. Бұл ретте жүргізілген талдау нарықтық баға шамамен 50 миллион теңге екенін көрсетті. Тиісті жұмыстың нәтижесінде тауардың құны 49 миллион теңгеге дейін төмендетілді.

Ал қарашада Алматы қаласында орта мектеп жалпы құны 12,5 миллион теңгеге 25 компьютер сатып алуды жоспарлаған, яғни бір данасы үшін 500 мың теңге. Алайда мониторинг барысында техникалық ерекшелік бойынша қолайлы моноблоктың құны шамамен 315 мың теңге екені анықталды. Қорытындысы бойынша бұл әрекет тоқтатылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Атырау облысында еріктілер жұмысынан кейін Қызылқоға ауданындағы Мәдениет үйі жеткізушілер арасындағы бәсекелестік шарттарының бұзылуына байланысты 5,3 миллион теңгеге картиналар сатып алу әрекетін тоқтатты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!