Жаңа жыл қарсаңында жаза арқалап жүрмеңіз: ІІМ халыққа үн қатты

Жаңа жыл қарсаңында полиция республика бойынша "Шырша" жедел профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Ол қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, тасымалдау және өткізу деректерін анықтауға, сондай-ақ, жолын кесуге бағытталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда бес жүзге жуық мобильді топ базарлар мен басқа да жерлерде рейдтер жүргізіп жатыр. Мәселен, Алматы облысында полиция қызметкерлері көлемі 3,5 текше метр болатын ағаштарды тасымалдау дерегін анықтады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру), күдікті ұсталған.

"Ағаштарды немесе бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдауға байланысты келтірілген залал сомасына қарай жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша мүлкі тәркіленіп, 160 АЕК-ке дейін айыппұл не 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады. Әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жеке тұлғалар үшін 50 АЕК, кәсіпкерлік субъектілері үшін 150-ден 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады", - деп ескертті Ішкі министрлігі өкілдері.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!