"Жылыту жүйесі жоқ". Астанада жаңа салынған үйлердің ішінде мұз қатып тұр

"Жылыту жүйесі жоқ". Астанада жаңа салынған үйлердің ішінде мұз қатып тұр
Фото: Фотоскрин

Астанада жаңа салынған үйлердің ішінде мұз қатып тұр. Жылыту жүйесі жоқ, құбырлар мен кәріз жүйелеріндегі суы қатып қалған көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп шағымданды. Үйдің кілтін алып, "бөркін аспанға атқандарына" екі-ақ ай өткен қуаныш ұзаққа созылмады. 280 отбасы осылайша құрылыс компаниясының құрғақ уәдесіне алданып зар қағып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Тұран көшесіндегі 13 қабатты "Сауран" тұрғын үй кешені қыркүйек айында пайдалануға берілген. Қазіргі үйдің сиқы — ішін де, сыртын да мұз басқан. Ал құрылысқа жауапты "Абылай құрылыс" компаниясы тұрғындарға үйді бастапқыда газбен жылытамыз деген. Артынша үйді орталық жылыту жүйесіне қосамыз деп уәде берген. Алайда уәде тек сөз жүзінде қалуда. Ал газдың үйді толық жылытуға қауқары жетпейді. Соның салдарынан, тұрғын үй кешені Арқаның алғашқы аязында-ақ адам тұруға жарамсыз болып, кісі шошырлық кейіпке түскен. Терезелердің жақтауы мұз баған болып қатып, батареялар жарылып, жертөлені су басып жатыр.

Тұрғындар пәтердегі жөндеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Барын салып қойғаны қазірдің өзінде шаш етектен шығынға батты.

"40 градус аязда үйді мұз басып кетті. "Жөндеп алып, тұра беріңіздер" деп айтқан болатын. Орталықтан жылу болады деп сөз берген. Содан бері жылу қосылған жоқ. Аязда құбырлар жарылды. Ламинат төсеп тастағанбыз, жөндеп, бәріне су кетіп жатыр", - деді Нұргүл Бейісова.

Бір қорқыныштысы, тас суық үйде төрт айлық нәрестесімен тұрып жатқандар бар. Әйтеуір тоқ жылытқыштармен амалдап күн кешуде. 

"Бұл пәтерге қатты аяздан соң көшуге мәжбүр болдық. Өйткені мұның алдында пәтер жалдап, оған да, мына үйге де төлеу қиынға соқты. Үйіміз өте суық. Екі балам бар. Біреуі балабақшаға барады. Жылытатын құрылғылардың бәрін қосып, бір бөлмеден шықпай күн кешіп жатырмыз", - деді Әсел Тасқожинова.

Пәтерлер ғана емес, тұрғын үй кешенінің бірінші қабаты да жылу құрылғысымен кептірілуде. Тұрғындар паркингтегі қабырға ылғалданса, тұтас үйдің іргетасы сөгіле ме деп қорқады. Қазірдің өзінде олар ғимараттың бір жаққа қисайып тұрғанын байқапты. Жылуға жауапты мекеме бұл тұрғын үй кешенінің автономды жылыту қазандығымен жылытылатынын біледі, алайда бұл мәселені өз тарапынан шеше алмайтынын жеткізді.

Жауапты құрылыс компаниясы өкілдеріне хабарласып көрдік. Олар орталық жылыту жүйесіне қосылған көршілес тұрғын үйлерді салған құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы