Алматыдағы автобус апатынан 3 адам мерт болды: оқиға орнынан суреттер мен видеолар

Бүгін Алматыдағы автобус апатынан 3 адам мерт болды. Оқиға салдарынан 7 адам зардап шеккен. Оқиға орнына барған Massaget.kz тілшісі қазіргі жағдайды анықтады.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 7 адам зардап шекті. Үшеуі жедел медициналық көмек келгенге дейін қайтыс болды. Үш ересек адам №7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Оларда бас миының жарақаты жабық, миы шайқалған, бір науқаста сол жақ жамбас сынған. Төртінші жәбірленуші 15 жастағы жасөспірім №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасына сол аяқ сүйектерінің сынуы диагнозымен жатқызылды. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек, оның ішінде психологиялық көмек көрсетіледі.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 22 желтоқсанда сағат 18:15-те №47 бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы көлікті басқарған әйел жүргізушіні ұрған, жанжал салдарынан жүргізуші есінен танып қалған. 

Автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан. 

Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы төртеуі түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды.

Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін желіде Алматыда болған жол апатынан суреттер мен видеолар тараған еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз