Алматыда 18 жастағы қыз зорлықтың құрбаны болғанын айтты

Алматыда 18 жастағы бойжеткенді зорлады деген күдікпен 1978 жылы туған ер адам ұсталды. Тергеуге көңілі толмаған жәбірленуші бір емес, төрт жігіт қорлық көрсеткенін айтып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Ол бізді үйімізге жеткізіп тастады. Көліктен шыққан кезде заттарымыздың салонда қалып қалғанын айтты. Әпкем мен оның досы ішке кіріп кеткен еді. Алып кетуге барған сәтте ол мені көлікке күштеп отырығызып, есігін құлыптап тастады. Қанша шығуға тырысқаныммен, қолымнан келмеді. Ақыры айдалаға тоқтадық. Ол жерге қара түсті көлік келіп, ішінен төрт жігіт шықты. Сөйтіп төртеуі кезек-кезек мен отырған көлікке кіріп, білгенін істеді. Бесіншісі кірген кезде мен қашып үлгердім", - дейді жәбірленуші.

Оқиға алдыңғы айда болған. Жәбірленуші қыздың айтуынша, сол күні ол туыс әпкесі мен оның досымен бірге жүрген. Екеуі алькоголь ішкен, ал қыз "ішпедім" деп отыр. Үшеуі дүкеннен қайтып келе жатқан кезде есін білместей мас досы өзін жәйсіз сезініп, аялдамада біршама уақыт кідіріп тұрған. Ақ түсті көлік сол сәтте тоқтап, жүргізушісі үшеуін үйіне жеткізіп тастайтынын айтқан. Осылайша, соңы зорлаумен аяқталды дейді.

"Қорлық көрдім" деген қыздың әкесі арызды бірден жазсақ та, тергеу созбалаңға салынып кетті деп отыр. Қылмысқа қатысы бар үшеуінің әлі күнге дейін неге ұсталмай жатқанына аң-таң. Ал полицейлер тергеудің жалғасып жатқанын жеткізді. Сараптаманың қортындысы әлі шықпаған.

"Қазіргі таңда бір адам ұсталды. Ең басты сезікті өз кінәсін мойындамай отыр. Ал іске қатысы бар болуы мүмкін басқалары анықталып, міндетті түрде ұсталады. Жәбірленушінің көрсеткен барлық дерегі жіті тексеріліп жатыр. Қылмыс болған автокөлік те тексеріліп жатыр", - деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!