Жасөспірім араздасып қалған құрдасының атынан "жарылғыш зат" туралы хабарлама берген

Атырау облысында жасөспірім араздасып қалған құрдасының атынан "жарылғыш зат" туралы хабарлама берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырау облысының полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментінің терроризмге қарсы орталығымен бірлесіп, Атырау облысы Жылыой ауданының мектебінде жарылғыш зат туралы жалған хабарлама жолдаған аудандық мектептің бірінің 9-сынып оқушысын анықтады. 

Жасөспірім полицейлерге мессенджерде анонимді аккаунт ашып, одан дабыл сигналын жолдағанын айтты. Оқушы Telegram-чатта құрдасымен әңгімелесу барысында сөзге келіспей қалғандықтан осындай әрекетке барған көрінеді.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар ата-анасының үстінен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік материал жинақталды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!