Қаңтар оқиғасынан соң қару-жарақты қолдануға қатысты қандай өзгерістер енгізілді?

Осыдан 2 жыл бұрын Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде басбұзарлар қару-жарақ дүкендерін тонап, күштік құрылымдарға қарсы шыққан болатын. Қару асынған бүлікшілерден билікке төнген қауіп те артты. Салдары жүздеген адамның өмірін жалмады, мыңдағаны жарақат алды. Апат айтып келмегенмен, қайтып келуі мүмкін екені ақиқат. Сондықтан қару-жарақ дүкендеріне қатысты шектеулер күшейтілуі тиіс. Екі жылда не өзгерді?  Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігіне сұрау салып көрді. 

Министрліктің мәліметіне сенсек қаңтар оқиғасынан кейін қару айналымына бақылауды күшейтуге бағытталған заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Мәселен ҚР Қылмыстық кодексінің 288-бабына газды, травматикалық, оқсыз атылатын, белгі беру, лақтыратын қарулардың контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Сондай-ақ қару саудасымен айналысамын деген азаматтар бұрын бақылау болмаған оқсыз атылатын қаруды әкелуге және айналымға шығаруға тиісті мекемелерден рұқсат алуы тиіс. Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген (ӘҚБтК-нің 485-бабы). 

Фото Tengrinews.kz

Өзгеріс мұнымен бітпейді. Қару айналымына бұдан былай тәртіп қатаң. Оны сатып алуға, оны сақтауға, қолдануға қатысты бірқатар өзгеріс бар: 

- аңшылық тегіс ұңғылы қаруға рұқсат алуға жас межесі 18 жастан 21 жасқа дейін ұлғайтылды (18 жастан бастап - газды, электрлік өзін-өзі қорғау қаруын, 21 жастан бастап - барлық аңшылық қаруды, 24 жастан бастап - ойық (3 жылдық аңшылық өтілі кезінде);

- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, қаруды қайталап жоғалту, заңсыз митингілерге қатысу, төтенше жағдай режимін, құқықтық режимді бұзу, төтенше жағдай кезінде, азаматтықты тоқтату кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер жасау, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша қорғау нұсқамасын шығару фактілері бойынша рұқсаттардың күшін жою енгізілді. Сондай-ақ қаруды иеленуге медициналық қарсы көрсетпелер бар адамдарға («Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңның 19-бабы);

- заңды тұлғалар үшін атуға жарамсыз күйде қаруды сақтау бойынша міндеттеме енгізілді (бұрын талап қару дүкендерінің сауда залдарына ғана қатысты болатын, енді барлық бөлмелерде);

Фото Tengrinews.kz

-  қарудың, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты ауыр және аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарды (соттылығы өтелген немесе алынып тасталған адамдарды қоса алғанда) жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдарға қару ұстауға өмір бойы тыйым салу түрінде жаңа шектеу белгіленді.

- лақтырылатын, оқсыз атылатын, белгі беретін қаруды және олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, алып жүру, тасымалдау үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген (ӘҚБтК-нің 482-бабының ескі редакциясында жауапкершілік болмаған);

  • қаруды, оның ішінде елді мекендерде оқсыз атылатын қаруды заңсыз қолданғаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленген.

Фото Tengrinews.kz

Төтенше жағдай бола қалса қару-жарақ дүкендері ең басты қорғалатын аймақ. Дүкендерге қарақшылық жасалған кезде жеке­меншік күзет фирмаларына дабыл түседі. Сонымен қатар дүкен иесі сауданы сап тиып, сауда орнын жабуы тиіс.   

"Төтенше жағдай туралы" Заңға сәйкес әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайды жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар кезінде жедел штаб басшысының шешімі бойынша қару мен оқ-дәрілер саудасына шектеу немесе тыйым салу қолданылуы мүмкін. Осылайша заңды тұлғаның басшысы күзет сигнализациясын қоя отырып, дүкенді жабуы тиіс, одан әрі полиция қызметкерлері Алгоритмге (қолжетімділігі шектеулі құжат) сәйкес әрекет етеді", - деді ведмство өкілдері. 

Дүкендерде қаруды сақтау және оған қол жеткізу талаптары толық сақталған ба? Және олар жылына қанша мәрте тексерістен өтеді?

"Қару-жарақ дүкендері заңнама талаптарына сәйкес өз қызметін ІІМ берген лицензия негізінде атқарады. Олар тоқсан сайын тексеріледі. Талаптар бұзылған жағдайда басшыға анықталған бұзушылықтарды жою актісі тапсырылады, лицензияның қолданылуы бұзушылықтар толық жойылғанға дейін тоқтатыла тұрады, бұл ретте қару уақытша сақтауға алынады" - делінген министрліктің жауабында.

Фото Tengrinews.kz

Қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілер қарапайым сатып алушының кейіпінде дүкендерді ашық зерттеді. Мұның салдары ауыр болды. Бұл жағдайдан кейін қару-жарақ дүкендерін жертөлеге орналастыру немесе тағы да басқа өзгерістер енгізілді ме? - деп сұрадық. Жауапқа сәйкес кез келген азаматтың қару-жарақ дүкеніне баруға құқығы бар екен. Ал дүкенде "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Заң талаптарының орындалуын ескере отырып берілетін лицензия негізінде жұмыс істейтіні айтылды. 

Дегенмен Қорғаныс министрлігі қару сатуға түбегейлі тыйым салу мәселесі мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қанша қару тоналғандығы жайлы ақпараттар жариялануға жатпайтынын жеткізді. 

Айта кетейік қазір ел аумағында қару мен оның патрондарын сату құқығына лицензиясы бар 101 заңды тұлға тіркелген, оның ішінде бүгінгі күні 80 дүкен жұмыс істейді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!