Ұзатылған қызға төркінінде арнайы ұсынылатын "үлпершек" тағамы туралы естуіңіз бар ма?

Ұзатылған қызға төркінінде арнайы ұсынылатын "үлпершек" тағамы туралы естуіңіз бар ма?
Фото: скрин

Қазір қазақ мал сойғанда жүректі көбінесе қуырдаққа қосып жібереді. Ал ертеде жүрек ұзатылып кеткен қызға арнайы тағам дайындау үшін сақталған. Бұл арнайы тағам "үлпершек" деп аталады. Ол қазақтың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамының бірі. Осы себеппен этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне үлпершектің мән-мағынасын түсіндірді.

Этнографтың айтуынша, үлпершек көбінесе жылқы жүрегінен әзірленгенімен, оны дайындағанда қай малдың жүрегі екеніне мән берілмейді. 

"Қазақтың ұлттық тағамының түрі көп. Қазақта табақ тартқан кезде барлығы 54 тағам тартылады. Соның бірі - үлпершек. Үлпершек төрт түлік малдың, көбінесе жылқының жүрегінен дайындалады. Бұл жүректен әзірленетін тағам, сондықтан оның мән-мағынасы да тікелей жүрекпен байланысты. Ал үлпершек сөзінің мағынасы қазақта жұмсақ, жеңіл деген мағынаны білдіреді. Үлпершек ет тағамы болғандықтан, денсаулыққа пайдалы қуаттандыратын, ұзақ уақыт тоқтылық сезімін беретін, жұмсақ әрі өте дәмді тағам", - дейді маман.

Болат Бопайұлы үлпершек тағамының мән-мағынасын түсіндірді.

"Үлпершек - ұзатылған қыздың сыбағалы асы. Қазақ мал сойғанда жүрегін арнайы ұзатылған қызына үлпершек дайындауға сақтап қояды, міне "үлпершек қыздың сыбағасы" деген сөз осыдан шыққан. 

Үлпершекті ұзатылып кеткен қыз төркіндеп келгенде арнайы дайындап береді. "Қайда жүрсең де, біздің жүрегіміздесің" деп ықыластың, адалдықтың, ниеттің дұрыстығын білдіретін тағам ретінде төркіндеп келген қызға тартылған. Ал, қыз баласы мұндай құрметке лайық әдеп сақтап, сәлем салып, иіліп алған. Бұл рас.

Этнограф үлпершек тағамы астарының екінші нұсқасы туралы да айтып берді.

"Қазақта баланы атасы мен әжесі бауырына басады. Ұзатылған қыз төркіндеп келген кезде анасы құмарланып бауырына баса алмай қиналады. Сол кезде аналарымыз үлпершекті жасап, қыздарына махаббатын білдіреді екен. Осыдан туған тағам десекте болады", - деді ол.

Маман сөзінше, үлпершекті кейде жасы үлкен адамдарға да тартады.

"Сонымен қатар, үлпершек жұмсақ болғандықтан, үлкен қарияларға да ұсынылады", - деді этнограф.

Үлпершекті қалай дайындау керек?

Үлпершекті көбінесе жылқы жүрегінен дайындайды. Ең алдымен, жүректің екі құлақшасын кесіп, қаны әбден ағып кетуі үшін оны іліп қояды. Жылқының бұлшық етті жүрегі қатты болатындықтан, үлпершек тағамын  дайындамас бұрын, жүректі шамамен бір ай ұнға батырып, салқын жерде сақтап, сүрлейді. Кейін толық сүрленген жүректі пісіреді. Бабына келген жүректің ішіне ұсақталып туралған қазы еті мен майды тығып, арнаулы дәмдеуіштермен араластырып пісіреді.

Үлпершек тағамына пайдаланатын азық-түліктер:

  • Жүрек;
  • Қазы;
  • Құйрық май;
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш, дәмдеуіштер;
  • Су.

Дегенмен үлпершекті әркім өз білгенінше дайындайды, сондықтан нақты бір дайындау жолы бар деп айту қиын.

Үлпершек дәруменге бай, құнарлы тағам. Үлпершектің адамның жүрек-қан тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, ағзадағы зат алмасу үрдісінің дұрыс жүруіне тигізер әсері мол деген де дерек бар. Жылқы күйіс қайырмайтын жануар болғандықтан, жануардың етінде холестерин мөлшері аз болады. Ет құрамы темірге бай болғандықтан, оны жеу қаназдықтан зардап шегетіндер үшін өте пайдалы.

Айта кетейік, бұған дейін қазақтың басты ұлттық тағамын қалай атаған дұрыс екені хабарланған болатын

Тағы да оқи отырыңыздар: Қаламның сиясы қаншаға жетеді?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә