"Аудио жазылып жатқанын ұмытып кеттім" - Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайда қалып қойған отбасы

"Аудио жазылып жатқанын ұмытып кеттім" - Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайда қалып қойған отбасы
Фото: Massaget.kz

2022 жылы 5 қаңтарда Алматы әуежайын наразылық білдірушілер басып алды. Осы оқиға кезінде басқа қалаларға, шет елдерге ұшуды жоспарлаған адамдар әуежай ішінде қалып қойды. Арада дәл бір жыл өткенде қазақстандықтар әуежайдағы осы оқиға қалай болғанын білуге, үрейленген адамдардың дәл сол мезеттегі дауысын естуге, жай-күйін, сезімін түсінуге мүмкіндік алды. Қалай дейсіздер ме? Кейбіреулер әңгіме не туралы екенін бірден түсінуі мүмкін. Ал білмейтіндер үшін алғысөз: 2021 жылдың аяғында Астана тұрғыны Елдар Құдайбергенов әйелі мен баласын алып, отбасылық дәстүрмен жаңа жылды тойлау үшін Алматы қаласына келеді. 2022 жыл оның отбасы үшін де, күллі қазақстандық үшін де қалыпты басталғанымен, артынша жер-жерде тәртіпсіздіктер болғаны ешкімге жасырын емес. Ал Елдар Құдайбергенов жоспары бойынша Алматыда отбасымен бірге жаңа жылды тойлап, демалып болған соң 5 қаңтарда кері Астана қаласына ұшуы керек болған. Осы оймен ол әйелі мен баласын алып, әуежайға келеді. Кейін дүрбелең кезінде ол отбасымен бірге әуежайда қалып қояды. Арада бір жыл өткенде сол кездегі үрей мен күйзеліс "Қаңтар үні" подкасында арқау болды. Иә, сіздер түсінгендей, оның авторы - әуежайда отбасымен қалып қойған Елдар Құдайбергенов.

Оқиға туралы әрі қарай Елдар Құдайбергеновтің өзі Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында баяндап берді. 

"Сіз 2022 жылы жаңа жылдың демалыс күндерінде не істедіңіз? Нақтырақ айтсақ, 5 қаңтар күні. Үйде отырдыңыз ба немесе қыдырып жүрдіңіз бе? Біз 5 қаңтар күні Алматыдан Астанаға ұшақпен қайтуымыз керек еді. Біз ұшамыз дегенше Алматы әуежайын топырлаған көп адам "басып алды". Подкастың бірінші эпизоды дәл осылай басталады (толық тыңдап шығу үшін: https://qantar.podcasting.center/). 

"Мемлекетте сондай ахуал болып жатқан соң дыбыстарды жазып жүрдім"

Елдар Құдайбергеновтің Қаңтар оқиғасы туралы "Қаңтар үні" подкасы шыққан кезде көпті қызықтырған бір сұрақ болды. Ол - дауыстар қалай жазылып қалды деген сауал. Ал бұл жобаның авторы бұрыннан кәсіби түрде подкаст жазумен айналысып жүргенін айтады.

"Өзім подкастермін, аудиоподкаст жасаймын. Соның біреуі - жеке аудиоблогым. Шетелге шыққан кезде керек болады деп неше түрлі дыбыстарды жазып жүремін. Көліктің дыбысы, адамдардың сөйлескені, лифттің дыбысы деген сияқты. Интершум деген нәрсеге керек болады деп жазып жүргенмін.

"Қаңтар үні" көптеген подкасымның бірі және бірегейі деп айта аламын. Кеңінен тараған подкастарым бар, бірақ "Қаңтар үні" сияқты тараған подкаст жоқ. Оны бірден айту керек. "Қаңтар үні" Қазақстандағы подкастардың ішінде де ерекше, өйткені көбіне подкаст дегенді жай сөйлесу деп түсінеді. "Қаңтар үнін" тыңдаған адамдар 5-6 рет жазып, "а-а-а, подкаст деген осындай болады екен ғой" деді. Ал басқа подкастарыма қарасақ, жұмысыма қатысты "ҚазПодкаст деген" подкасым бар, аудиоблогым бар. Орыс тілінде және қазақ тілінде "Осознанный отец" және "Саналы әке" деген екі подкасым бар. Ол - ер адамдардың отбасындағы рөлі, отбасындағы бақыты деген нәрселерді көтеретін, талқылайтын подкаст. Шамамен 30-дан аса подкасым бар. Оның барлығы "Қаңтар үні" сияқты тараған жоқ. Бірақ олардың да аз-маз аудиториясы бар", - дейді ол.

"Жазылып жатқан аудио туралы ұмытып кетіппін"

Елдар Құдайбергенов подкасқа арқау болған аудиолар қалай жазылғанын да әңгімеледі.

"Қаңтар оқиғасы болып жатқан кезде біз Алматыдан Астанаға ұшуымыз керек еді. Мемлекетте сондай ахуал болып жатқан соң оны да аудиоблогымның эпизоды болсын деп түрлі дыбыстарды жазып жүрдім. Өзім де сөйлеп жүрдім. Бірінші эпизодта "міне кетіп бара жатырмын" деген дауыстар естіледі. Солай жай ғана жазып жүрдім. Содан кейін ақырындап ұшақтар кешіге бастады, ұшақтарды ұшырмай тастады. Бізге оны ұшуы мүмкін деді. Біреуі ұшып жатты, біреуі қонып жатты. Жалпы түсініксіз жағдай болды. Бізді ұшыруы керек болған әуе компаниясы да "былай етіңдер" деп нақты айтқан жоқ. "Біз білмейміз, интернет жоқ" деді. Сол уақытты да телефондағы диктофонға жазып жүрдім. Ертең эпизодқа қолданамын деп ойладым. Кейін бізге әуежайдан кетуіміз керек шығар деп такси іздедім. Такси іздеген кезде далаға шығып, жағдайды байқадым. Ол кісілердің де дауысын аудиоға жазып жүрдім. Кейін кешке таман ұшпайтынымыз нақты белгілі болған кезде такси алып келейін деп шықтым. Бұл кезді де жазып жүрдім. Бағаларды ұшырып жатты. 20 мың деп жатты, 25 мың деп жатты. Соның бәрі жазылып жатты", - деді жоба авторы. 

Теngrinews

Ал кейін дүрбелең басталған. Бұл әңгімені де Елдар Құдайбергенов тарқатып айтып берді.

"Сөйтіп, жазып жүрген кезде бір дүрбелең басталды. Оның барлығы аудиода жазылған. Сол кезде балам 2 жаста. Әйелім мен кішкентай балам жоғары қабатта қалған соң мен де үрейленіп, соларға қарай жүгіре бастадым. Сондықтан жазылып жатқан аудио туралы ұмытып кетіппін. Солай қысқы күртешемнің қалтасына сала салғанмын. Сөйтсем, оқиғаның барлығы жазылып қалыпты. Мен оны әдейі жазған жоқпын. Мақсатты түрде ондай ой болған жоқ. Бірақ арасында телефонмен сөйлесіп жүргенде, ол нәрсе жазылғанын аңғарған кезде "бұйырса мынадан подкаст жасап шығамын" деп ойладым. Солай болды. Әрине, әуежайдың ішінде болып жатқан кезде мемлекетте сондай қиын жағдай болып жатқанын, адамдар қайтыс болып жатқанын білген жоқпыз. Бұл оқиғаның осындай ауыр нәтижелері болатынын да білген жоқпыз", - деді ол.

"Қолымда аудиомемориал тұрды"

"Негізі келе салып жинаймын ба деп (жазылған аудиоларды - еск.) ойлағанмын. Екі аптадан кейін бе үйімізге келдік. Бірақ психологиялық тұрғыда, түпсанадан ба аудиолар туралы мүлде ұмытып кетіппін. Тура бір жыл бұрын Алматыда мемориал ашылды ғой. Сол мемориалды көрген кезде, шынымды айтайын, ұнаған жоқ. Бірақ менің қолымда аудиомемориал тұрды. Соны бір жағынан символизм болсын, бір жағынан осы нәрсені жасау керек деп бір аптаның ішінде бірінші эпизодты жинап шықтым. Солай шығардым. Халыққа қатты өтті. Көп пікір келді, адамдар хабарласты. Бір аптадан кейін екінші эпизоды шықты. Бір айдан кейін үшінші эпизоды шықты. Төртінші эпизодты жасау ең қиын эпизодтардың бірі болды. Өйткені подкасқа да, оқиғаға да қайтып келгім келген жоқ. Отбасымызбен өте ауыр күйзелістен өттік және оған оралғым келмейді. Бірақ бастаған істі бітіру керек. Сондықтан аяқтадым. Жасап салғаннан кейін тыңдаған жоқпын. Өте ауыр. Тыңдамаған таныстарым бар, достарым бар. Олар пікірлерді оқып алған. Тыңдаудың өзі ауыр екенін біледі. Жүрегі әлсіз адамдар болса, тыңдамай-ақ қойғаны да дұрыс болар", - деді ол.

Кері шегінсек: "баланы үлкен күйзелістен Құдай сақтап қалған сияқты"

Оқиға қалай болды, Елдар Құдайбергенов отбасымен қайда ұшуы керек еді? Подкаст авторы кері шегініп, басынан баяндады. 

"Бір-екі жыл өтті, деректерді нақты айта алмасам да, жалпылама айтып берейін. Өзім Алматы өңірінің адамымын. Бізде жаңа жылды үлкен үйге барып қарсы алу деген әдет бар. 2021 жылы да, 2022 жылы да тура сондай болды. Сөйтіп, жаңа жылды қарсы алдық, демалдық. Кейін қайту керек болды. Ұшағымыз 6-сы сағат 3-те ме, 4-те ме ұшуы керек болды. Қайтайын деп әуежайға келдік. Ұшақтың бәрі тоқтаған. Әуежайды "басып алу процесі" басталып кетті. Солай ұша алмай қалдық. Ішінде бізді ешкім қорғаған жоқ. Шықсақ, полицейлер де, әскерилер де жоқ. Ал біз келген кезде тұрған. Шынын айту керек, біз қорғансыз қалдық. Әуежайға келген адамдардың арасынан өттік. Мен баламды алдыма алдым, әйелім сөмкені ұстады. Мен де ішінде қалғым келді. Әйелім сыртқа шыққысы келді. Өйткені ол кезде Алматы әкімшілігі өртенгенін естіген. Әуежай да өртенуі мүмкін деген қауіптен қорықты. Содан кейін далаға шықтық. Дала суық болмады, баланы да сыртта киіндірдік".

Елдар Құдайбергеновтің жеке архивінен. 2022 жыл 5 қаңтар. Алматы әуежайы

"Далаға шыққан соң үйге қайту керек деген әрекеттерді істедік. Халықтың арасынан өткен кезде жеке өзім қауіп-қатер сезінген жоқпын, ешкім тиіспеді, ұрмады. Мүмкін сәйкестік болды, мүмкін балаға бола солай істеді. Бірақ айтылатындай, көрсетілетіндей ештеңе кездескен жоқ. Мен келген кісілердің бірінен көмек сұрадым. Ол кісінің есімін білмеймін. "Бауырым, маған көмектесіп жібер. Бала бар" дедім. Ол жігіт бірден көмектесті. Ауыр сөмкені алып, адамдардың арасынан бізді алып өтті. Қызығы, әуежайға адамдардың келу процесі біткен соң менде күйзеліс болған жоқ. Өйткені келген адамдардан қорыққан жоқпын. Басында ғана үрейге берілген болсам керек. Кейін сол жігіт бізді алып өтті. Көлік көп болды, сол көліктердің бірін тоқтатып, отырғызып жіберді. Арғы жағынан Назгүл Қожабек деген досымыз бізді алып кетуге келе жатқан. Бірақ көлікке отырған соң оған хабарласып, "сен күт, біз келе жатырмыз" дедік. Ол бізді күтті. Бізді жеткізіп тастаған жігітке рақметімізді айтып, оны шығарып салдым. Біз Назгүлдің көлігіне отырдық. Кейін оның үйінде 2 күн болдық. Ол күндер туралы да бірталай аудио бар. Подкастың екінші немесе үшінші эпизодында айтылған. Туыстарымның бәрі Алматыда. Бауырым келіп алып кетті. Екі аптадай ма сол үйде болдық. Жалпы осындай оқиға. Ең қызығы біздің баламыздың ұйқысы өте сергек. Бұл оқиға кезінде баламыз ұйықтатын дәрі бергендей ұйықтап жатты. Көлікке отырған кезде оянды. Баланы үлкен күйзелістен Құдай сақтап қалған сияқты".

"Бізді бір рет (жолдан - еск.) тоқтатуға тырысты. Бірақ сөйлескен жоқпыз. Сөйлесетіндей жағдай болған жоқ. Ол кезде жағдайды барынша түсіне бастадық. Біздің мақсатымыз Назгүлдің үйіне тезірек жету еді. Тоқтамай, жолдың басқа жағына шығып, айналып өтіп кеттік. Бірақ бізді тоқтатуға тырысқаны рас. Не үшін тоқтатқысы келді, оны нақты айта алмаймын. Көп көліктің нөмірі болған жоқ. Бағдаршамдар жұмыс істемеді. Көп нәрсені подкастың ішінде айтып шықтым. Қазір кейбір нәрселерді айтпай қалуым мүмкін, кейбір нәрселерді асыра айтуым мүмкін. Бірақ түпкі, дұрыс дерек сол подкастта. Жайдан жай отырып жасай салған жоқпын. Сценарийі жазылды, ішіндегі ақпараты тексерілді. Сұхбатта айтып жатқандай жеке ойымды, эмоциямды білдірген жоқпын. Барынша объективті түрде ақпаратты беруге тырыстым. Қалай көрдім, солай тек деректермен айтып отырдым. Сондықтан толық жауап сол подкастың эпизодтарында".

"Подкаста алып тасталған жерлер бар"

Елдар Құдайбергенов подкасқа қандай аудиолар қосылмағанын ашық айтты.

"Нақты алып тастаған жерлер бар. Ол жерде бәрін қостым деп айта алмаймын. Әдетте подкаст жасаған кезде оқиғаны алға жылжытпайтын, қайталанатын немесе оқиғаға қатысы жоқ нәрселерді барлық эпизодтан алып тастаймын. Мына жерде сол оқиғаға қатысты адамдардың басына қауіп әкелер деген ақпараттың бәрін алып тастадым. Ол - сол кісілердің есімдері, айтқан сөздері. Оны ешкім байқамайды. Кейбір жерлерінде боғауыз сөздер де бар. Оны да алып тастадым. Кейбір жерлерінде өзіме қатысты жерлерін қалдырдым. Бұл подкасттың мақсаты - біздің басымыздан өткен оқиғаны айтып беру. Хайп қуу мақсатымызда болған жоқ", - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол "подкаст шыққаннан кейін қандай да бір қысым болған жоқ па?" деген сауалға жауап берді.

"Ешкім қысым көрсеткен жоқ. Жасырмаймын, бірақ күттім. Хабарласатын шығар, жазатын шығар деп ойладым. Ол кезде жағдай түсініксіз болды ғой. Бірақ ең қызығы ресми ақпарат пен мен шығарған эпизодта айтқан нәрсем сәйкес болып жатты. Содан кейін де хабарласатындай ештеңе айтылмаған ғой. Ол жерде қалай болды, солай айтылды. Ештеңе қосқан жоқпын. Қазір тыңдап көрсем де хабарласатындай ештеңе жоқ сияқты. Барлығы білетін ақпарат айтылды. Ерекшелігі сол - подкасты тыңдаған адамдар не болғанын, адамдардың көңіл күйін түсіне алады, ести алады. Жариялама деп те ешкім ештеңе айтқан жоқ. Ондай болса да тоқтамас едім деп ойлаймын. Өйткені аса бір қиын нәрсе жасаған жоқпын", - дейді Елдар Құдайбергенов.

"Шықпай тұрып ешкімге айтқан жоқпын"

Елдар Құдайбергенов подкасты ата-анасы, бауырлары, достары қалай қабылдағанын әңгімеледі.

"Сол кезде Қаңтар оқиғасына байланысты адамдардың үстінен сот та жүріп жатты. Мүмкін сол жағынан көмектесер деген де ой болды. Содан кейін Қаңтар оқиғасын зерттейтін ұйымдар, мамандар хабарласып, "подкастың ішінде айтылған материалдарды қолдансақ бола ма" деген сияқты сұрады. Мен авторлық құқық сақталса болды деп рұқсатымды бердім. Әрине, халыққа ұнай ма, ұнамай ма, оны ешкім білмейді. Қалай болар екен, адамдар түсіне ме деген ой да болды. Бірақ халық жақсы қабылдады. Психологиялық тұрғыдан да оқиғаны айтып беру қажеттілік болған сияқты. Өзіңнің басыңнан өткен ауыр күйзелісті, оқиғаны бөліскен кезде жағдайың жақсарады, бөлісесің, ішіңдегіні шығарасың. Бірталай танысымыз естіп, достарымыз хабарласып жатты. Сондықтан айтып бергіміз келген шығар. Подкастың редакторы әйелім - Роза Әрен. Өзі де журналист.

Бұл подкасты әке-шешем әлі тыңдамаған шығар. Өйткені ішінде өте-өте қиын дыбыстар бар: адамдар жылайды, шыңғырады, айқай-шу. Сондай нәрсе көп. Әке-шешем зейнеттегі адамдар болған соң қобалжымауы керек сияқты. Ол кісілер тыңдамады деп ойлаймын. Бірақ бауырларым тыңдады. Олар да осындай жағдай болғанын білмеген. Біз айтып бердік. Бірақ осындай қиын жағдай болғанын білмеген. Түсініп қолдап жатыр. Ал шықпай тұрып ешкімге айтқан жоқпын. Өзім жасап шығардым", - деді подкаст авторы. 

Сөз аяғы: Қаңтар халыққа не ұғындырды?

Елдар Құдайбергеновтің сөзінше, бұл қаралы оқиға билік пен халық тіл табысуы керек екенін көрсетіп берді.

"Бұл өте қиын сұрақ (Қаңтар халыққа не ұғындырғаны - еск.). Өзім туралы ғана айта аламын. Халық үшін сөйлей алмайтын шығармын. Көбіне отырған ағалар-тәтелеріміз мәселелерді шешетін әрекеттер жасайды, бірақ халықтың негізгі мәселесі басқа болып жатады. Қазір бағдарламалауды оқып жүрмін. Сол жерде мынандай түсінік бар: XY problem деген. XY мәселесі деп аударуға болады. Мысалы, адам шөлдеуі мүмкін. Бірақ ол басқа адамдардан су сұрамайды, стақан сұрайды. Ал негізі шөлін қандырғысы келіп тұр. Сол сияқты көбіне биліктің ұсынып отырған шешімі стақан ұсыну сияқты. Ал адамдар шөлдеп жүр. Проблема басқа. Шешім басқа. Сондықтан XY мәселесінің шешімі, былай айтқанда, тіл табысу, үлкенірек картинаға қарау, толық ақпарат беріп түсіндіру. Мысалы, қазір декларация туралы мәселе көтеріліп жатыр. Таныстарыммен, достарыммен сөйлесемін. Олар "25 жылы жеке кәсіпкерлігің бар ма, жоқ па, бәрі тапсырады" дейді. Сол кезде қандай хаос болатыны миға кіріп шықпайды. "Халық не істеу керек екенін, қалай істеу керек екенін мүлдем білмейді" дейді. Осындай кішкентай мәселелердің өзін халыққа дұрыстап жеткізіп, түсінікті болатындай етіп жасаса деймін", - деп түйіндеді ол.

Подкаст авторы кімдерге ерекше риза, оның жұбайы әрі жобаның редакторы не айтады? Толығырақ подкастың толық нұсқасынан мына сілтеме арқылы тыңдауға болады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова