БҚО-да орталық директоры ұлын жұмысқа заңсыз қабылдап, артық жалақы берген

Батыс Қазақстан облысында ұлын жұмысқа заңсыз қабылдаған Тәрбие жұмысы орталығының директоры жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыс прокуратурасына сілтеме жасап. 

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының прокуратурасымен балалар лагерлерінде тексеріс жүргізілді.

Тексеру барысында "Тәрбие жұмысы орталығы" МКҚК директоры "Жас ұлан" балалар лагеріне тиісті білімі және біліктілігі жоқ баласын жұмысқа заңсыз қабылданғаны анықталды.

Сонымен қатар, ұлына белгіленген мөлшерден артық жалақы аударылған.

"Аудан прокуратурасының қадағалау актісімен құқыққа сыйымсыз артықшылық білдіргені үшін МКҚК директоры "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңның 50-бабы 1-тармағы 4-тармақшасы негізінде қызметке толық сәйкес емесі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Артық аударылған жалақы мемлекетке қайтарылды. Бұдан бөлек, "Достық" балалар лагерінің ғимараты апатты жағдайда екені және балалар лагері өзінің жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай жүргізгені белгілі болды", - делінген хабарламада. 

13 лагерь жұмысшысында тиісті медициналық рұқсаттары болмаған.

Сонымен қатар, балалар лагерінің меңгерушісі тұлғаларды жалған жұмысқа орналастыру арқылы бюджет қаражатын жымқырған және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны анықталды.

Бәйтерек ауданы прокуратурасының бастауымен Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлігі (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қызмет бабын пайдаланып бөтеннің мүлкін талан-таражға салу)  және 190-бабының 2-бөлігімен (қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық) қылмыстық істер тіркелді.

Кейіннен мемлекетке келтірілген залалдың толық көлемде өтелуіне байланысты қылмыстық істер ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз