Шацкий және QJ League қайырымды шараға қатысты

Шацкий және QJ League қайырымды шараға қатысты
Фото: QJ League

QJ League жасөспірімдер футбол лигасының өкілдері және Қазақстан Ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий Қарағандыдағы балалар үйіне барып, ашық сабақ өткізді. Шара барысында Шацкий балалардың сұрақтарына жауап беріп, мотивация болатын сөздер айтып, өміріндегі маңызды сәттері жайлы сыр ақтарды.

Бүгін біз QJ League-пен бірге «Асем» балалар үйіне барып, балғындарға мерекелік көңіл-күй сыйладық. Балалар болса өз кезегінде өнерлерін көрсетіп, бізді тәнті етті. Негізі бір-бірімізге бұл күні жағымды эмоция сыйлай білдік десек артық айтқанымыз емес, – дейді Игорь Шацкий.

QJ League өкілдері жоба туралы толық ақпарат берді. Балалар таланттарын көрсетіп, ән айтып, би билеп, көңілді уақыт өткізді.

QJ League жасөспірімдер футбол лигасының басты мақсаты тек қана жас футболшыларды спорттық жағынан ғана дайындау емес, сондай-ақ оларды әлеуметтік маңызы бар шараларға барынша қосу. Бұл біздің Қарағанды қаласындағы «Шахтер» футболшыларымен бірлесе ұйымдастырған алғашқы шарамыз емес. Осыған дейін біз жас аяқдопшылармен көпбалалы, жалғыз басты анаға мектепке дайындық барысында көмектескен едік. Ал енді балалар үйі тәлімгерлеріне амбассадорымыз Игорь Шацкиймен мерекелік көңіл-күй сыйладық. Осындай шараны ұйымдастырғанымыз әлбетте дұрыс болды. Балалар алғашқы сәттен барлық белсенділікке атсалысып, өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Сондай-ақ келер маусымда QJ League аясында «Шахтер» намысын қорғайтын жастар үшін де бұл ұмытылмас күн болды деп сенім білдіремін. Алдағы уақытта осы сынды қайырымдылық шараларын әлі де молынан өткіземіз деген ойдамыз, – деп өз ойымен бөлісті QJ League баспасөз хатшысы Бекежан Ардақұлы.

Сондай-ақ Лига қызметкерлері мен балалар өзара шоу матч ойнап, көңіл көтерді. Балаларға белсенді аймақта көңіл көтеру де ерекше сезім сыйлады: аквагрим, үстел ойындары, аниматорлар, Хбох ойындары оларға қатты ұнады.

Қорытындылай келсек, QJ League ұйымдастырған бұл шара балалардың көңілінен шықты деп сеніммен айтуға болады. Кеш соңында балғындар қонақтарға алғыс айтып, Игорь Шацкиймен тамаша күн өткізіп, керемет мүмкіндік алғанындарына қуанышты болды.

Жарнама материал

О. Сансызбай