"Алматы 2-Атырау" жолаушылар пойызы мәжбүрлі түрде тоқтады - ҚТЖ

"Алматы 2-Атырау" жолаушылар пойызы мәжбүрлі түрде тоқтады - ҚТЖ
Фото: ҚТЖ

Төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысының Қордай және Шу аудандарында пойыздардың қозғалысын үйлестіру үшін барлық қатысы бар қызметтер мен Көліктегі полиция департаменті басшылығының қатысуымен жедел штаб құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан Теміржолы" ұлттық компаниясының мәліметінше, Шымкент-Тараз және Шу-Отар теміржол учаскелерінде ауа райының нашарлауына байланысты пойыздар қозғалысы жылдамдығына шектеу енгізілді. Осыған байланысты 30-дан астам жолаушылар пойызы қозғалыс кестесінен артта қалды. Теміржолшылар тәулік бойы көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде.

"Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кестені түзету үшін Астана-Алматы-Астана, Атырау-Алматы, Ақтөбе-Алматы, Алматы-Жезқазған бағыттары бойынша алты жолаушылар пойызының жүруі тоқтатылды. Қарлы циклон өңірде электр энергиясымен жабдықтаудың үзілуіне себеп болды, соның салдарынан "Алматы 2 — Атырау" жолаушылар пойызы мәжбүрлі түрде тоқтады. Теміржолшылар электровозды тез арада тепловозға ауыстырды", — делінген хабарламада.

Ұлттық тасымалдаушы компания 10,8 мың жолаушыға тамақ ұйымдастырды (оның 5,7 мыңы — вагон-мейрамханалар мен вагон-барларда, 5,1 мыңнан астамы — Шу, Шымкент және Отар станцияларында).

Сондай-ақ, осы кезеңде теміржолшылар 11 мың текше метр қар шығарылған.

"Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін билет кассалары тәулік бойы жұмыс істеді. 14-18 желтоқсан аралығында тоқтатылған пойыздарға 5 мыңнан астам билет қайтарылды", — делінген хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы