Адам ақыл тісін жұлса, күшінен айырылатыны рас па?

Әлеуметтік желі қолданушылары ақыл тісті жұлмауға кеңес беріп жатыр. Олардың айтуынша, ақыл тіс адамның күші мен әлеуетін ашу үшін қажет, ал олар шыққан кездегі тістің ауруы - бұл нағыз сый. Мұның бәрі - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Ақыл тіс немесе сегізінші тістер - бұл әр қатардағы ең алыс тістердің жұптары. Әдетте олар 18-30 жас аралығында шығады, олардың сүт тістері болмайды. Бұл тістер арғы аталарымызға қажет болды, өйткені ауыз қуысы гигиенасы нашар және тамақтану сапасы төмен болғандықтан, олардың тістерінің жартысы 20-30 жасқа дейін түсіп қалып отырған. Осы жаста шығатын ақыл тістер проблеманы ішінара шешіп, адамдарға тамақты шайнап жеуге мүмкіндік берді. Ақыл тістер жүрекпен де, домалақ безбен де байланысты емес.

Кейде ақыл тістер шыққанда бет ісіп кетеді. Бұған осы тістердің дұрыс шықпауы себеп болуы ықтимал. Олар адамның жақ сүйегі толығымен қалыптасқан кезде шығады, сондықтан ақыл тістерге орын болмай, олар қисық немесе көлденең шығады.

Өз кезегінде бұл қызыл иектің қабынуына және жанындағы тістердің зақымдалуына әкелуі мүмкін. Бұл ретте ақыл тістін жұлып тастау ұсынылады. Алайда шыққан тіс ыңғайсыздық тудырмаса және тіс жегі болмаса, оларды жұлмауға да болады, онымен өмір бойы жүре аласыз.

Ақыл тісі бар адамдар оны жұлып тастағандарға қарағанда күшті, ақылды және табысты екенін дәлелдейтін статистика жоқ. Демек, ақыл тісті сақтай отырып, шынайы әлеуетіңіздің ашылатынын дәлелдеу мүмкін емес.

Олай болса, таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақыл тістер жүрекпен де, домалақ безбен де байланысты емес, кейбір адамда оларды жұлып тастауға себеп болмауы мүмкін, бірақ оларды сақтап қалып, күшті әрі табысты болатыныңызға дәлел жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!