Қайрат Сатыбалдыұлы Боранбаевтың ізін қуып келе ме?

Былтыр қыркүйекте бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлыұлы 6 жылға сотталды. Осы уақытқа дейін ол мемлекетке 400 млн долларға жуық ақшасын қайтарды және жазасы жеңілдетуді сұрады. Қоғам арасында Қайрат Сатыбалдыұлы кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ізін қуып келеді деген пікір тарады. Massaget.kz тілшісі аталған тұлғаның ісіне қатысты шолу жасап көрді.

Сатыбалдыұлының өтініші туралы Бас прокуротура не дейді?

Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев журналистердің Қайрат Сатыбалдыұлы мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін бе деген сұрағына жауап берген болатын.

Оған дейін Шындалиев Қайрат Сатыбалдыұлының бостандыққа мерзімінен ерте шығуға өтініш бергенін растады.

"Ондай өтінім болды және ол сотқа жолданды. Бірақ бұл өтініштің сотта қашан қаралатынын нақты айта алмаймын. Мұндай өтініш беруге сотталғандардың құқығы бар. Нақты шешімді сот шығарады", - деді Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, шартты түрде босату туралы өтініш беру - әрбір сотталғанның құқығы.

"Бізде тек кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта қылмыс жасағандарға, адам өліміне әкеп соқтырған террористік және экстремистік қылмыстар үшін сотталғандарға ғана шектеу бар. Басқа сотталғандар ондай өтініш бере алады", - деді Шындалиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда берген сұхбатында.

Прокурордың сөзінше, Қайрат Сатыбалдыұлы өтініш берсе бірден босатылады деген сөз емес.

"Бірден ескертемін, кез келген адамның арыз беруге құқығы бар. Ол өтініш сотта қаралып жатыр, оның өтініш бергені бірден босатылады дегенді білдірмейді. Оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды немесе бас тарту туралы шешімді сот қабылдайды. Сот тәжірибесінде ондай өтінішке бас тарту жиі кездеседі", - деді Бас прокурорының орынбасары.

Кейін Қайрат Сатыбалдыұлының түрмеден мерзімінен бұрын босатылмайтыны белгілі болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

"Сот Сатыбалдыұлының заңбұзушылықтар жасағанын және оның мінез-құлқы тұрақсыз деп танылғанын, сондықтан мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беру әлі ерте екенін алға тартты. Сотталған Қайрат Сатыбалдыұлының бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылсын", - делінген сот хабарламасында.

Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке қанша актив қайтарды?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейін тергеу департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов осы уақытқа дейін Сатыбалдыұлының қанша қаражат қайтарғанын айтқан болатын.

"Өткен жылдан бері 857 миллиард теңгеден астам активтер қайтарылды. Оның ішінде Қайрат Сатыбалдыұлыдан қайтарылған 300 млн доллар да бар", – деді Сүлейменов Amanat партиясында өткен баспасөз мәслихатында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлының елден заңсыз шығарған 55,4 миллиард теңге қайтарғанын жазды.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Тек биылғы желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қ. Сатыбалдыұлыұлының жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларына, яғни 55,4 млрд астам теңгеге тең ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз етті. Көрсетілген қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке жіберілді", - деп хабарлады Антикордың баспасөз хабарламасында.

Адвокат Джохар Утебеков сотталушының ендігі амалдарын атады.

"Бірінші инстанцияның соты сотталушының жазасын жеңілдетуден бас тартты. Ол енді облыстық сотқа шағымдана алады. Онда түпкілікті шешім қабылданады. Онымен қоса Сатыбалдыұлы ендігі режимді орташа қауіпсіздік мекемесінен ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстыру туралы сотқа өтініш бере алады. Бұл тұтқындарды ұстау жағынан әлдеқайда жеңіл мекеме.

Ауыр қылмыстары үшін сотталған мерзімінің 1/3 бөлігі өткеннен кейін ол бас бостандығынан айыруды шектеумен немесе айыппұлмен ауыстыру бойынша сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ орташа қауіпсіздік мекемесінде ұсталған ауыр қылмыстар үшін сотталғандар мерзімінің 1/3 бөлігі өткеннен кейін ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауысуға мүмкіндігі бар. Әрине, ол үшін де өтініш сотқа жолдайды. Мерзімнің жартысы (1/2) өткеннен кейін ауыр қылмыстар үшін сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотқа жүгінуге құқылы", - деп түсіндірді Утебеков.

Жасұлан Ордабаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!