"Өлім аузынан қалдым". Танымал әншінің ата-анасы баласының емі үшін үйін сатып жіберген

Танымал әнші Жігер Ауыпбаев "Ұйқым келмейді" бағдарламасында бір кездері денсаулығы нашарлап, тіпті ем үшін ата-анасы үйін сатуға мәжбүр болғанын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесінің сөзінше, бұл жағдай мектепте оқып жүрген кезінде болған.

"6-сынып оқып жүрген кездерде кішкентай ойын баласы болғаннан кейін тыныш жүрмейсің ғой. Өлім аузынан қалдық десе де болатын шығар. Ота жасалды. Сол кезде өзі бір қиын кезеңдер болды, теңгенің ауысып жатқан кездері болды. Бәрі жұмысынан қысқарып, сондай бір дағдарыс келді. Сол сәтте анам да, әкем де жұмыстан қысқарды. Ақша жоқ. Мен де қырсыққанда ауырып қалдым. Мені ауруханаға жеткізеді. Бір көзімді ашсам, операция жасайтын неде (ота үстелінде - еск.) жатырмын. Сол кездерде 6-7 айдай ауруханада жаттым. Содан үйден сағындым. "Ертең шығасың" деген болатын. Мен барамын да "бүгін шыға берсем бола ма?" деймін ғой. Ертесіне ата-анам көлікпен келіп шығарып алуы керек болды. "Иә, иә, болады" дейді. Пакеттерімнің бәріне киімдерімді салып аламын да, қыстың күні ауруханадан түрмеден шыққандай қуанып шыға салып, үйге қарай жүгірдім. Үйге жүгіріп келсем, үйде басқа біреулер тұрып жатыр. Есікті қағып, ішіне кіріп, "мама-папа" десем, ішінен басқа адамдар шығады. "Мына үйді сатып алған болатынбыз, мама-папаң басқа жақта тұрып жатыр" деді. Сонымен әжемдердің үйіне барамын. Бүкіл зат әжемнің үйінің алдында тұр екен. Сұрап едім. "Сенің дәрі-дәрмегіңе ақша керек болды, сол үшін үйді саттық" дейді. Содан бастап күйзеліс басталды", - дейді әнші.

Өнер иесі кейін ата-анасына үй сатып алып бергенін жеткізді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!