"Ұлым тоңып, ауырып келді". Оралда кей мектептер тым салқын болып тұр

"Ұлым тоңып, ауырып келді". Оралда кей мектептер тым салқын болып тұр
Фото: pixabay.com

Кешелі бері Оралдағы кейбір мектептер салқын болып, оқушыларға қолайсыздық тудырып жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желілер мен чаттарда ата-аналар жарыса жазып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олардың арасында салқын сыныптан тоңып, қызуы көтеріп, ауырып қалғандары да бар. Кей мектептер сынып бөлмелерінің салқын болуына байланысты сабақты 35 минуттан өткізіп жатыр.

"Төртінші сыныпта оқитын ұлым мектептен тоңып, ауырып келді. Балам "Сынып салқын, күртемен отырдық. Сонда да тоңдық" деп айтып келді", - дейді қала тұрғыны Арнагүл.

Орал білім беру бөлімінің баспасөз қызметі де ауа температурасының төмендеуі салдарынан кейбір мектепте оқу кабинеттерінің салқындап кеткенін айтып отыр.

"Қаланың барлық мектебінде жауапты мамандар сынып кабинеттерінің ауа температурасын өлшеп, білім бөліміне уақытылы хабарлап отыр. Санитарлық талапқа сай оқу кабинеттерінде ауа температурасы 18 градустан төмен болмауға тиіс. Білім беру ұйымдары қыс маусымына дайындық жұмыстарын уақытылы жүргізді. Тамыз айында "Жайық жылу қуат" мекемесінен дайындық актісін алды. Қазіргі уақытта кейбір мектептерде сынып бөлмелерінің салқын болуына байланысты, оқу процесін жүргізу жылы кабинеттерге ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар "Жайық жылу қуат" АҚ-ның мамандары шақыртылып, себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді Орал білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы Эльмира Нұғыманова.

Гүлжамал Жолдығали

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан