"Сержан братан", "Слова пацана": полицейлер балаларға теріс әсер ететін сериалдар жайлы айтты

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ата-аналарды бала тәрбиесіне назар аударуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, жұмыссыз және бос уақыты көп жасөспірімдер қылмысқа жиі барады. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың жалпы санының 55 пайызы - еш жерде жұмыс істемейтіндер, оқымайтындар.

"Балалар күні-түні интернетте және TikTok-та отырады. Мұнда ең танымал контент - зорлық-зомбылық, дөрекілік, әдепсіз сөздер және ортаға ешқандай құрмет көрсетпейтін әртүрлі пранктер. Кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына жақында танымал болған "Черный двор", "Пацанские истории", "Сержан братан", "Тараз", "Слово пацана" фильмдері теріс әсер етеді. Жергілікті жерлерде идеологияның жоқтығы сезіледі, экрандарда оң мысалдар жеткіліксіз", - дейді ол ОКҚ-да өткен брифингте.

Ведомство өкілі "шығармашылық" деп аталатын нәрсе ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарды, халқымыздың рухани дәстүрлерін бұзып отырғанын жеткізді.

"Өз тарапынан полиция қызметкерлері осы фильмдегі кейіпкерлердің қайғылы тәжірибесі қылмыстық әлемді романтизациялаудың салдарын түсіндіреді, бірақ бұл жеткіліксіз. Осыған байланысты ІІМ Оқу-ағарту, Ғылым және Мәдениет министрліктеріне өскелең ұрпақпен идеологиялық және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы хаттар жолдады", - дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасөспірімдер арасында танымал ресейлік "Слово пацана" сериалына тыйым салу мәселесіне пікір білдірді. 

Жасұлан Ордабаев

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!