Әлия Назарбаеваның "ҚТЖ" мен "ӨКМ Операторында" үлесі қалды ма?

Әлия Назарбаеваның "ҚТЖ" мен "ӨКМ Операторында" үлесі қалды ма?
Фото: instagram.com/aliya_nazarbayeva_official

Көлік министрі Марат Қарабаев пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваның "ҚТЖ" мен "ӨКМ Операторында" компанияларындағы үлеске қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналист ведомство басшыларға сұрақ қойды.

"Экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваның "ҚТЖ-да" жолаушы билетін сатып алу бағдарламасы бойынша бизнес үлесі болған. Біздің мәліметіміз бойынша. Сондай-ақ қоқыс шығару жүйесінде де бизнесі болған. Қазір осы кәсіпорындарда Әлия Назарбаеваның үлесі бар ма?", - деді БАҚ өкілі.

Экология қоқыс шығару қызметінде Назарбаеваның үлесі қалмағанын атап өтті.

"Қазір "ӨКМ Операторы" – 100 пайыз мемлекеттік кәсіпорын. Бұған дейін жеке меншік кәсіпорын болған. Сол адамның кәсіпорны болған шығар. Ол жағын нақты білмеймін. Бірақ, бүгінде "ӨКМ Операторы" мемлекеттік кәсіпорын ретінде жұмыс істейді. Мен мұны ресми түрде мәлімдеймін. Қоқыс шығару компаниясы бойынша да, қоқысты қайта өңдеу, сұрыптау бағытында да Әлия Назарбаеваның қатысы жоқ", - деді Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ көлік министрі қазір "ҚТЖ" ұлттық компаниясында Назарбаеваның үлесі жоқ екенін мәлімдеді.

"Біз қосымша анықтадық. Сіз атаған тұлғаның бүгінде "ҚТЖ" ұлттық компаниясының қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Компания құрылымында оның ешбір үлесі жоқ", - деді Марат Қарабаев.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz