"Қатты түшкірсек жарық сөніп қалады". Алматы облысының тұрғындары наразылық білдірді

"Қатты түшкірсек жарық сөніп қалады". Алматы облысының тұрғындары наразылық білдірді
Фото: Автордан

Алматы облысындағы Кіші Байсерке ауылының үлкен проблемасы үнемі электр жарығы өшіп, су болмай қалады. Бұл жағдай тұрғындардың тұрмысын қиындатып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үш мыңға жуық тұрғыны бар Кіші Байсерке ауылы жыл сайын кеңейіп жатыр. Жаңадан үйлер салынды. Ескі электр желісінің қуаты ауылды қамтуға қауқарсыз болып қалды. Жарық күніне екі-үш рет өшеді. Тұрмыстық техника істен шығады. Ауыл түрғыны Бағашар Құдайбергеновтың  айтуынша желідегі тоқ кернеуі өте төмен.

"Бізге электр қуаты 220 Вт берілу керек. Бірақ, 220 Вт бізде жоқ. Микротолқынды пешке тамақ жылыта алмайсыз. Кір машина істемейді. Осы тоқ мәселесі шешілсе. Содан кейін су мәселесі бар. Судың да тарифі өте қымбат" дейді тұрғындар.  

Кіші Байсеркеде орталықтандырылған су жүйесі бар. Бірақ, ол жаңадан пайда болған ықшамаудандарды қамтымайды. Сондықтан жаңа құбыр жүргізу керек. Қолданыстағы жүйенің өзі әбден тозды.

"2019 жылы біз Талғарға барып  ауыз суының бағасын 101 теңгеге түсіруді талап еттік. Содан бері баға көтеріле көтеріле қазір 143 теңге болды. Осындай баға еш жерде жоқ. Халықтың айтып тұрған талап тілегінің бәрі дұрыс. Бірақ, ешкім құлақ түрмейді. Айта айта жалықтық" дейді зейнеткер Жарқынай Сұлтанова

Ауылда жаңадан 56 көше пайда болды. Әр көшеде кемінде 25 үй бар.

Екі жыл бұрын осы жаңа ықшамауданға газ құбыры тартылу тиіс еді. Ол  да аяқсыз қалған. Кіші Байсеркенің үлкен проблемалары арнайы өткізілген жиында жан-жақты талқыланды. Облыстық әкімдіктен келген жауапты мамандар мәселе жуық арада шешілмейді - деп отыр. Ауылдың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті құжаттар енді ғана әзірлене бастапты.

"Газ жүргізу мәселесі бойынша жобалық сметалық құжат енді дайындалып, жыл аяғына дейін мемлекетік сараптамадан өтеді. Келесі жылға біз жергілікті және республикалық бюджетке  құрылысы жұмыстарын жүргізу үшін өтінім ұсыныс жасайтын боламыз. Су жүйесі де солай" деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы