Петропавлдық тігіншілер 500 метр көрпе тігіп, рекордтар кітабына енді

Петропавлдық тігіншілер 500 метр көрпе тігіп, рекордтар кітабына енді
Фото: видеодан алынған кадр

Петропавлдық қолөнер шеберлері 500 метр көрпе тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Олар республикалық "Аламан құрақ" байқауына қатысып, жалпы ұзындығы 500 метр болатын көрпе тіккен. Енді олар әлемдік рекордты  жаңартуды мақсат етіп отыр.

Райхан Сұрағанова зейнетке шықса да, сүйікті ісін тастамаған. Өзі 26 жыл бойы оқушыларды еңбекке баулып, жастарды тігіншіліктің қыр-сырына үйретіп жүр.

"Маған осы өнер әжемнен, әпкемнен тараған. Тігін машинасымен арпалысып әжем тігіп жатқанда бірге қатарласып отырып тігеді екенмін. Негізгі менің арманым математика пәнінің мұғалімі болу еді, бірақ өсе келе сол қолөнер мұғаліміне айналып кеттім. Өзім не білдім, соны жастарға үйретумен болдым. Әлі күнге дейін ізденемін", - дейді қала тұрғыны Райхан Сұрағанова.

Бұл "Аламан құрақ" байқауында тігілген 500 метрлік көрпенің бір бөлігі ғана. Елімізде алғаш рет өткен сайысқа өңірден үш қолөнер шебері қатысқан. Олардың барлығы жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. 

"4 жасымнан кесте, күлжала тоқып, сосын тұрмысқа шыққаннан кейін көрпемен айналыстым. Қазір әлі де тоқыма тоқимын. Жалпы 1 500 құрақшы жиналған. Содан барып, тақалған кезде көбі шығып кетті, кейбірі үй жағдайларымен, кейбірі сеніңкіремеді. Біз не болса да, аяғына дейін барайық деп, аяғына дейін бардық", - дейді қала тұрғыны Бақыт Мұстафина.

Солтүстікқазақстандық тігіншілер қазір тағы бір байқауға дайындық үстінде. Әзірше оған аймақтан 17 тігінші қатысуға бел буған. Шеберлердің ендігі мақсаты – Гиннестің рекордтар кітабына кіру. Осылайша, бұл жандар отандық өніммен ұлттық өнерді барынша дамытуға ниетті.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан