"Зардап шеккендердің жағдайы ауыр". Алматы облысында газ жарылысы өртке ұласты

Алматы облысында газ жарылып, өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Төтенше жағдай таңертең тіркелді. Гүлдала ауылы тұрғындарының айтуынша, алдымен электр қуаты үзіліп, кейін екі үйде жарылыс болған.

Өрт салдарынан 4 адам ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен екі адам (1991 және 2003 ж.т.) Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына жеткізілді, олардың жағдайы ауыр.

Ер адамның денесін 2-дәрежелі термиялық күйік шалған, ал 2003 жылы туған қыздың басы мен мойны 3-ші дәрежеде күйген. Зардап шеккендердің тағы бірі Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. 2007 жылы туған бала Іле орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Туыстарының айтуынша екеуі де жансақтау бөлімінде, ауыр халде.

Еске сала кетейік бүгін таңғы сағат алтылар шамасында газ жарылып, соның салдарынан екі үй өртке оранды. Оқиғаның алдын ала себебі - табиғи газ құбырындағы қысымның өзгеруі.

Бүгін Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков төтенше жағдай орнында болып, зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысты. Гүлдалы ауылдық округі әкімінің аппараты мен аудандық төтенше жағдайлар бөліміне тұрғын үйлерді тексеру тапсырылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз