Алматыда 9 сантиметр қар түсті: оны жүздеген техника мен 1 мыңға жуық жұмысшы тазалап жатыр

Алматыда 16 желтоқсан күні сағат 14:10-да жауа бастаған қар 17 желтоқсан күні түнгі сағат 03:00-де аяқталды. Қалада 9 сантиметр қар жауды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, 16 желтоқсан күні сағат 16:30-дан 19:00-ге дейін 121 құм таратқыштың күшімен бекітілген маршруттар бойынша көктайғаққа қарсы материалдар себілді. 1416 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.

Жолдан қарды тырмалау мен сыпыру түнгі сағат 02:00-ден бастап жүргізілді.

"Сағат 05:00-ден бастап көктайғақтың алдын алу үшін негізгі магистральға көктайғаққа қарсы сұйық реагент себілді. Сағат 08:00-ден бастап күндізгі кезеңде техниканың шығуы ұйымдастырылды. Тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, жер үсті өткелдерін тазалау жұмыстары жалғасуда. 17 желтоқсан күні сағат 09:00-дегі жағдай бойынша 2754 текше метр қар шығарылды", - делінген хабарламада.

Түнгі кезеңде 354 бірлік арнайы техника мен 421 жол жұмысшысы, күндізгі кезеңде 344 бірлік арнайы техника мен 840 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Аудан әкімдіктерінде қар тазалау жұмыстарын бақылау бойынша тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды.

"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша ауа температурасы бүгін күндіз 3 градус суық болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!