Астаналық жігіт 100-ге жуық жылу батареясын ұрлап кеткен

Астаналық жігіт 100-ге жуық жылу батареясын ұрлап кеткен
Фото: Instagram

Астаналық жігіт 100-ге жуық жылу батареясын ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласында ұрлық жасады деген күдікпен ер адам құрықталды. Қаладағы ЖШС-нің бірінің басшысы "Сарыарқа" АПБ полиция бөліміне хабарласып, серіктестік аумағынан шойын батереялардың жоғалғанын айтып, жүгінген. Қазіргі уақытта 93 жылыту батареясын ұрланғандығы анықталып, шығын мөлшері есептеліп жатыр.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 33 жастағы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған қала тұрғынын анықтады. Ол бұрын осы серіктестікте жұмыс істеген. Сондықтан жылу батареяларының қайда орналасқанын және қай уақытта алып шығу ыңғайлы екенін жақсы біліп, қылмысын жоспарлы түрде жасаған.

Қолға түскен жігіт жылу батареяларын металл қабылдау орындарына тапсырып, алған қаражатты өз қажеттігіне жұмсаған. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға ұрланған тауарды сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін хабарлап, тиісті құжатсыз тауар сатып алмауды ескертеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина