"5 баламмен далада қалдым". Толқын Абдурахмановтың жесір әйелі жан айқайын жеткізді

"5 баламмен далада қалдым". Толқын Абдурахмановтың жесір әйелі жан айқайын жеткізді
Фото: Видео кадры

Шымкентте 39 жастағы Толқын Абдурахмановтың өліміне қатысты атышулы сот аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отырар" басылымына сілтеме жасап. 

20 жастағы жігіт сотта абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап өкінді. Марқұмның әйелі сот үкімімен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, оқиғаға қатысушының барлығы жауапқа тартылмаған, тағы 3-еуі бостандықта жүр. 

"Видеода барлығы анық көрінеді. Ол жерде 4 адам болған, барлығы оны ұрып-соққан. Оқиға орнында 2 қыз да болды, олар жай ғана қарап тұрды, олар жедел жәрдем шақырмады, тіпті "көмек керек пе?" деп сұрамады. Барлығы бірге болды, бірін-бірі таниды. Үш жігіт жазадан құтылды. Олар сотталушыны қорқытып, егер мойындасаң, қысқа мерзім аласың деген. Оқиғаға қатысқандар сотталады деп соңына дейін үміттендім. Материалдық шығынды өндіріп берсін, бес баламмен далада асыраушысыз қалдым, тұратын жерім жоқ!" - дейді марқұмның жұбайы Алтынай Айтқұлова. 

Елді дүрліктірген қылмыс биыл 9 қыркүйекте болған. Мектеп оқушылары мен екі ересек ер адам бес баланың әкесін ұрып өлтірген. Зорлық-зомбылық бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Видеода алдымен кәмелетке толмаған екі баланың, кейін төрт адамның ұрып жатқаны көрінеді. Неліктен олардың біреуі ғана кінәлі деп танылғанын аудан прокуроры анықтайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек