Тоқаев Астанадағы екі жаңа ғимаратты аралап көрді

Тоқаев Астанадағы екі жаңа ғимаратты аралап көрді
Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана екі жаңа ғимаратқа барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы жаңа емхананы аралап көрді. City емханасының жаңа филиалы Астананың қарқынды дамып келе жатқан ауданында орналасқан. Бұл нысанда 30 мыңға дейін пациент тіркеле алады. Сондай-ақ мұнда халыққа алғашқы дәрігерлік көмектен бастап кешенді диагностика мен консультацияға дейінгі қызметтер көрсетіледі.

Жобаның инвесторы, Olymp Medical Group ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, бұл City емханалар желісінің үшінші филиалы. Елорданың Нұра және Алматы аудандарында екі филиал жұмыс істеп жатыр. Тағы да үш нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.

Емхананың тағы бір ерекшелігі онда маммологиялық орталық ашылады. Науқастар мұнда кешенді диагностикадан өтіп, сүт безі ауруларынан емделе алады. Медициналық орталықта томосинтезі бар цифрлық маммография, дәстүрлі және вакуумдық аспирациялық биопсия әдістері, хирургке қатерлі ісіктерді алып тастау жолын көрсететін локализациялық инелер орнату сияқты диагностикалық технологиялар қолданылады.

Сонымен қатар емханада барлық қажетті құралдармен жабдықталған амбулаториялық хирургия орталығы ашылмақ.

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, қазіргі уақытта елорданың сол жағалауында амбулаториялық көмек беру ісі кенжелеп қалған. Қосымша тағы 5 емхана ашу керек. Халық санының ұдайы өсіп келе жатқанын ескерсек, медициналық мекемелерге деген қажеттілік әлі де арта береді. Бұл мәселені шешуде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік белсенді қолданылады. Бес жыл ішінде Астана қаласының әкімдігі 3 мемлекеттік емхана салынады және 12 жеке емхана ашылады деп жоспарлап отыр.

Президент сонымен бірге Астанадағы үстел теннисі орталығына барды.

Елорда нысандарын аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ADD Table Tennis Center Astana үстел теннисі орталығының жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысына аталған орталықтың Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) талаптарына толық сай келетіні жөнінде мәлімет берілді. Спорт нысанында республикалық және халықаралық турнирлер өткізуге, сондай-ақ еліміздің ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға болады.

Жалпы ауданы 3700 шаршы метрді құрайтын орталық жарыс кезінде 16, ал жаттығу кезінде 26 теннис үстелін қоюға есептелген.

Сонымен қатар мұнда 416 адамға арналған көрермендер трибунасы, жаттығу залы, медицина кабинеті, бапкерлер мен төрешілер бөлмесі бар.

"Әрбір облыс орталығында үстел теннисіне арналған залдар болуы керек. Халық спортпен шұғылдануы қажет", – деді Президент.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан