"Инфаркт алған, ұзақ уақыт ауырған, той жасаймын деп жүрген": биыл өмірден өткен танымал адамдар кімдер?

Қалың көпшілікке сахнадағы өнерімен, әнімен танылған қазақтың кейбір аяулы ұл-қыздары биыл өмірден озды. Олардың қатарында әнші де, актер де, әкім де, ақын да бар. Massaget.kz тілшісі 2023 жылы көз жұмған танымал адамдар кімдер екеніне шолу жасады.

  • "Қаржыны тауып қойғанда, бақиға бет бұрып кете бердің": Асқар Наймантаев өмірден өтті

Танымал актер Асқар Наймантаев та биыл қайтыс болды. Бұл туралы актердің достары әлеуметтік желіде жазды. 

"Асқар ағамыз бақиға аттаныпты. Қайран асыл ер… Алла алдыңнан жарылқасын", - деп жазды Ерлан Рысқали Facebook парақшасында.

Ал өнер иесі бұған дейін Instagram парақшасында ауруханада жатқан суреттерін бөліскен еді. 

Асқар Наймантаев - "Тамаша" ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал актер. Ол "Домашние войны", "Бастық боламын", "ОрыStar в Шымкентте", "Детектив әже", "Туысқандар", "Бұйымтай", "Өсекшілер" "Внуки в ауле" комедиялық сериалдарында, Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманат", Бақытас Санитастың "Тезек" фильмдердінде ойнады. 

Өнердегі, өмірдегі достары кейінгі күндері оның денсаулығы нашарлағанын да жазды. 

"Денсаулығыңа араша түсудің қамына кірісіп, дәрігерлермен де келісіп, жанашыр жанның арқасында алғашқы қажетке жаратар қаржыны да тауып қойғанда бақиға бет бұрып кете бердің, құрдасым-оу… Күйікке толы күрсініс, өзек толы өкініш, өкпеде өксік, қабырғам сөгіліп, жаным езіліп тұр…", - деді Бекжан Тұрыс. 

  • 45 жаста еді: биыл әнші, актер Марат Оразметов өмірден өтті

Биыл белгілі әнші, актер Марат Оразметов қайтыс болды. Бұл туралы танымал өнер адамдары әлеуметтік желілерде хабарлады.

"Марат құрдасым, үзеңгілес бауырым. Алла рахымына алсын. Төбемнен жай түскендей болып отырмын. Жаның жәннатта болсын", - деп жазды Алтынай Жорабаева.

"Бақұл бол, досым. Қазақ елі дарынды ұлы Оразмет Марат Өмірханұлыынан айырылды. Отбасына қайғыра көңіл айтамыз", - деп жазды актриса Жұлдызай Дүйсенбиева.

Айта кетейік, Марат Оразметов - ҚР "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, актер және әнші.

  • 73 жасында танымал ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

Биыл белгілі ақын Несіпбек Айтұлы қайтыс болды. Бұл туралы айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Айта кетейік, Несіпбек Айтұлы 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), "Парасат" орденінің иегері (2004). Таңдамалы жеті томдығы "Фолиант" баспасынан (2015 жылы) жарық көрген эпик ақын.

2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.

  • "Той жасаймын" деп жүрген": Бердібек Сапарбаев өмірден өтті

Биыл Мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Сапарбаев - Қазақстандағы бес өңірдің (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының) бұрынғы әкімі, премьер-министрдің орынбасары, еңбек министрі, экономика ғылымдарының докторы.

Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімінде туған туыстары атынан мемлекет қайраткері Икрам Адырбеков сөйледі.

"Бүгін біздің ағайындар үшін ғана емес бүгін қазақ мемлекеті үшін өте ауыр қаза болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі, экономикалық дамуы үшін көптеген тұлғалы азамат қызмет етті. Соның ішінде Бердібек Мәшбекұлының орны ерекше еді. Ол жетпіс жылдық мерейтойын да тойламады. Бар күшін халыққа арнады. Алдында жоспары көп еді. Біз көп әңгімелестік. Сонда айтып еді: "Күзде егін жиналып, халықтың көңілі көтерілгенде елге барып, бұрын араласа алмай кеткен туыстардың, достардың, құрдастардың басын қосып той жасайын, елге сәлем берейін" деген болатын. Сондай бір арманы бар еді. Өзін өте қайратты, жас сезінді. Мұндай жағдай болады деп ешкім ойламады. Жатқан жері жайлы болсын", - деді ол.

Айта кетейік, Бердібек Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. "Отан", "Барыс", "Парасат", "Құрмет" және басқа да көптеген марапат иегері.

  • "Немере-шөбере сүйдіңіз". Атақты "Дос-Мұқасан" тобының мүшесі өмірден өтті

Ақжол Мейірбеков "Дос-Мұқасан" ансамблінің құрамында әнші болып, Бүкілодақтық, дүниежүзілік және халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысып, лауреат атанған.

Кейін Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның "Арқас", "Сазген", "Адырна" ансамбльдерінің әншісі болды. 1994-1996 жылдары "Гүлдер" ансамблінің директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған.

Танымал әнші Мақпал Жүнісова оның өмірде, өнерде қандай адам болғаны туралы да айтқан еді.

"Ақжол Мейірбеков ағаның шаңырағындағы соңғы кездесу деп кім ойлаған, иә, бәріміз де бұл өмірде қонақпыз, қашан көрсең жайдарлы, қалжыңы да ерекше жан еді, қазақ әншісі ретінде де өз тыңдармандарының алғысын алды, үш жылдан бері Құдалар болып талай бас қосып сыйластығымыз жарасымды еді, отбасыңыз жақсы болды, Шарипа жеңгемізге адал болдыңыз, немере, шөбере сүйдіңіз, үй салып, ағаш ектіңіз. Артыңызда қалған жарыңызға, ұрпағыңызға ғұмыр берсін, иманыңыз саламат болсын, барар жеріңіз жұмақтан болсын", - деп жазған ол. 

  • Әлемге әйгілі әншінің атасы: Димаш Құдайбергеннің атасы өмірден өтті

Белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің атасы қайтыс болды. Бұл туралы журналист Бауыржан Бабажанұлы Facebook парақшасында жазды.

"Қазақты күллі әлемге танытқан Димаштың атасы, қадірлі ақсақалымыз Құдайберген аға дүниеден озды. Алла алдынан жарылқағай", - деді ол.

Айта кетейік, 2019 жылы мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Димаштың атасы Құдайберген Айтбаевқа "Ерен еңбегі үшін" медалі берілген. 

  • "Жақында кетемін, көп көңіл бөлмей-ақ қойыңдар" депті". Арман Дүйсенов 49 жасында көз жұмды

Танымал композитор Арман Дүйсенов өмірден өтті. Бұл туралы әнші Индира Елемес Instagram парақшасында жазды.

"Арман ағау. Неге олай? Иманы саламат болсын, мекені жәннәт болсын!"  - деп жазды әнші Индира Елемес Желіде.

Massaget.kz тілшісіне Индира Елеместің ресми өкілі бұл ақпаратты растап, композитордың жүрегі тоқтап қалғанын айтты.

Айта кетейік, Арман Дүйсенов 1974 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туған. Ол - композитор, тележүргізуші, продюсер. Музыканттың еңбек жолы 1990 жылы Павлодар қаласында өткен ХХІІ республикалық жас орындаушылар байқауында жеңіске жеткеннен кейін басталған. 

Ал кейін танымал өнер жұлдыздары "Төрлетіңіз" бағдарламасында сазгер, продюсер, тележүргізуші Арман Дүйсеновті еске алды. Әнші Мұқасан Шахзадаев сазгердің өмірінің соңғы кездері туралы айтты.

Оның сөзінше, Арман Дүйсенов көмекшісіне "жақында кететінін" айтқан.

"Соңғы өмірінде Азамат көмекшісі болып, інісі болып көп қасында жүрді. Бір жолы менің студиямда Азамат отыр екен. Ән жазып отыр екен. Екеуміз кішкене әңгімелесіп қалдық. Азаматқа сұрақ қойдым: "Азамат, Арман соңғы өмірінде ерекше айтқан сөздері бар ма? Не болды?" дедім. Сол кезде Азамат айтты: "Арман соңғы өмірінде "болды, маған көп көңіл бөлмей-ақ қойыңдар, жақында кетемін, маған көңілдеріңді көп бөлмеңдер, мен мына өмірден шаршадым" деп айтыпты", - деді Мұқасан Шахзадаев. 

  • 75 жасқа қараған шағында Қойшығұл Жылқышиев көз жұмды

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қайғылы хабарды ақын Әлия Дәулетбаева Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.

"Атырау мәдениетінің ақтаңгері Қойшығұл аға жалғаннан өтті... Өмір деген осы екен... Бетімізден қақпадыңыз... Еркелігімізді көтердіңіз... Қамқор болдыңыз... Дүние шын жалған екен ғой... Алла алдыңыздан жарылғасын, аға!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, Қойшығұл Жылқышиев өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Жазушылар одағының Атырау филиалының директоры қызметін атқарды. "Тұңғыш" (1978), "Мұң кітап" (1998), "Асаукер" (2001) сияқты кітаптардың авторы. 

  • Ұзақ уақыт ауырған: Болат Назарбаев өмірден өтті

Биыл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев 71 жасына қараған шағында өмірден өтті. Ол Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада жатқан. 

saliqaly.kz

4 қарашада Болат Назарбаев ауруханаға түсті деген ақпарат тарады. Сол кезде Болат Назарбаев инфаркт алғаны айтылды. Ал былтыр шілдеде "Салиқалы ұрпақ" қорының директоры Қасым Қасабеков Болат Назарбаевтың жағдайын айтқан болатын.

"Болат Назарбаев тұрақты ауыр жағдайда екенін және 2015 жылдан бері онкологиялық аурудан емделіп жатқанын хабарлаймыз", - деп жауап берген еді ол.

Ал кейін Алматыдағы Орталық клиникалық аурухана өкілдері Болат Назарбаев қайтыс болғанын ресми түрде растады. 

"2023 жылғы 13 қарашада сағат 09.51-де ұзаққа созылған сырқаттан Болат Назарбаев қайтыс болды", - делінген жауапта. 

  • Инсульт алған: танымал оппозиционер Жасарал Қуанышәлин көз жұмды

18 мамырда Алматыда танымал оппозиционер Жасарал Қуанышәлин 75 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Нұрсұлтан Тастаев Facebook-парақшасында жариялады. 16 мамырда Жасарал Қуанышәлин денсаулығының күрт нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылды. Таныстарының айтуынша, ол инсульт алған.

"Ақ Жайық"

Жасарал Мінажадинұлы Қуанышәлин - қазақ журналисі, оппозиционер, қоғам және мемлекет қайраткері. Ол 1949 жылы Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. 2022 жылғы сәуірде "Алға Қазақстан" партиясының негізін қалаған.

  • Шетелде жол апатына ұшырады: әнші Darkhan Juzz көз жұмды

24 ақпанда Darkhan Juzz лақапатымен белгілі әнші Дархан Жүнісбеков қайтыс болды.

instagram.com/d.juzz

Кейінірек Сыртқы істер министрлігі өкілдері әнші Дархан Жүнісбековтің өліміне қатысты пікір білдірді.

"Таиланд полициясының ақпараты бойынша 24 ақпанда Пхукет аралында Қазақстан азаматы Дархан Жүнісбеков қайтыс болды", - деді СІМ өкілі Айбек Смадияров. 

Darkhan Juzz (Дархан Жүнісбеков) 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп орындаушысы, ән авторы және дыбыстық продюсер еді.  Дархан ән айтуды Алматыдағы Ақсай шағынауданындағы үйінің ауласынан бастаған.

"Ән айтуды есік алдында 14 жасымда бастадым. Үлкендер, балалар жиналады. Адам көп, ал біз отырып алып ән айтатынбыз. Ақсайда 50-дей адам жинайтынбыз", - деді марқұм 2018 жылы "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Ол 14 жасынан бастап ән де жазған, алайда әуеліде оның әндерін көпшілік тыңдамаған, білмеген, түсінбеген. Жарқын талант небәрі 32 жасында қаза тапты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз