"Яндекс.Такси" жауапқа тартылды: енді жолаушыларға қандай жеңілдіктер жасалады?

"Яндекс.Такси" компаниясына қатысты тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу қорытындысына сәйкес компания бақылау-касса машиналарының бағдарламалық, техникалық қызметтерін үйлестіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, "Яндекс.Такси" монополияға қарсы органға ақпарат бермегені үшін де әкімшілік жазаға тартылды.

Компания Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау қорына өз еркімен 3 миллиард теңге аударды.

Сонымен қатар, агенттік пен "Яндекс.Такси" монополияға қарсы комплаенс жасасты. Нәтижесінде компания жолақысын себепсіз қымбатпайтын болды. Комплаенс аясында мына шаралар кешенін іске асыру көзделіп отыр:

  • Біріншіден, жүргізушілер үшін еңбекақыны арттыру шартының бірі ретінде тапсырыс жол жүру ақысының базалық құнынан 2 есе асатын болса, 14 желтоқсаннан бастап Яндекс комиссиясын өндіріп алуды тоқтатады (экономикалық әсері жылына шамамен 2 миллиард теңгеге); жүргізушілер үшін қосымша бонус бағдарламасын енгізу (2024 жылы сала айналымы мен инфляцияның өсуіне байланысты 7-10 миллиард теңге); тариф қалыптастырудың ашықтығын арттыру үшін тарифті не үшін көтергені және қандай өзгеріс болғаны туралы негіздеме келтіре отыра, пайдаланушы қосымшасын жақсарту.
  • Екіншіден, жолаушылар үшін жаңартылған "Бірге" тарифі енгізіледі. Тіпті ол ең жоғары сұраныс болып тұрғанның өзінде төмен бағамен таксиге тапсырыс беруге мүмкіндік береді (тарифті х2-ге дейін көтеруге шектеулер); қолайсыз ауа райында немесе мереке күндері х3-тен жоғары тарифті көтеруге шектеулер енгізеді; сондай-ақ, баламен жүретін жолаушылар үшін "балалар" тарифі енгізіледі. Ол арқылы балалар креслосы немесе бустері бар автокөлік шақыруға болады.
  • Такси жүргізушілерімен тиімді қарым-қатынас жасау және клиенттермен байланысты қолдау үшін сall-орталықта "кәдімгі" оператор жұмыс істейді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!