"Денем түршігеді". Құқық қорғаушы оқырманы жазған адамшошырлық хикаясын бөлісті

"Денем түршігеді". Құқық қорғаушы оқырманы жазған адамшошырлық хикаясын бөлісті
Фото: elements.envato.com

Құқық қорғаушы Ляззат Рақышева оқырманы жазған адамшошырлық хикаясын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Сізге жазылғалы көп оқиғаны оқып, өзім де бала кездегі болған жайтты айтуға оқталдым. 4-5 жас кезім. Үйдегілер әпкеме бізді балабақшадан алуға тапсырып қоятын. Қасымда әкемнің інісінің қызы болатын. Әпкем ойын баласы, кейде ойнап қалып кешігетін. Бізді апайлар қарауылға қалдырып кететін. Жаз мезгілі. Далада қараңғы түсе бастағасын, қарауыл сіңілім екеумізді ішке кіргізді. Ойымызда ештеңе жоқ, ойыншықтармен ойнап отырғанбыз. Бір кезде сіңілімнің ана жақтан "үйге қайтамын, жібер" деген қыңқылдап жылаған дауысынан мен де жетіп бардым. Сөйтсем, қарауыл жігіт шалбарын шешіп, ұстатып жатыр екен. Жүрегім аузыма тығылып, сіңілімнің қасына бардым. Оның не айтқаны есімде жоқ. Бойымыз кішкентай, көрсеткен жері көз алдымызда тұрды. Бала болсақ та мұның жақсы нәрсе емес екенін түсініп, есіктің ілмешегіне жармастық. Жұлқынып итеріп ілмешек ашылып кеткенде екеуміз далаға атылдық. Біздің бағымызға дуал есігі ашық тұр екен. Жан ұшырып қаштық. Негізі сіңілімнің еті тірі болған. Сол қыздың пысықтығымен қашқан сияқтымыз. Мен момындау болғанмын. Егер ол қыз болмағанда менің тағдырым не болар еді деп әлі күнге дейін есіме түссе, денем түршігеді. Сол қашқаннан үйге дейін жүгіріп барыппыз. Қарауыл артымыздан қумады. Періштеміз қаққан шығар кім біліпті", - деп жазған ол. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек