"Табақ-табақ ет асылады". Света Айтбаева Димаш Құдайбергеннің сүйікті тағамын атады

"Табақ-табақ ет асылады". Света Айтбаева Димаш Құдайбергеннің сүйікті тағамын атады
Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің сүйікті тағамы белгілі болды. Бұл туралы өнер иесінің анасы Света Айтбаева "Оян" бағдарламасында бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Света Айтбаеваның айтуынша, Димаш ет тағамдарын ұнатады. 

"Димаш келе жатыр дегеннен әжесі қазанға етін сала бастайды. Күн сайын табақ-табақ ет асылады. Одан кейін бөлек нанмен жейтін қазысын асып қоямыз. Ол бала күнінен ет тағамдарын жақсы көрді. Жазда жеміс-жидек пен көкөніс пісетін маусымда банка жабамыз. Барлық отбасы секілді біз де қысқа дайындаламыз. Сенесіздер ме, Димаш үшін бір маусымда 100 банка компот жабамыз. Ол қолдан қайнатылған компотты өте жақсы көреді. Әлі күнге дейін сүйсініп ішеді. Балаларым құртты, жентті жақсы көреді", - деді өнер иесі.

Еске салайық, бұған дейін Света Айтбаева жақсы жаңалығын бөліскен еді.  Әнші қазақтың "ұлтабар" тағамының қадір-қасиеті туралы әңгімеледі. 

"Ұлтабар - қазақтың өте әдемі тағамының бірі. Ол малдың асқазанымен жалғасатын тұстағы қарынының бір бөлігі ғой. Қазақ әрбір тағамға қатты мән берген. Соның ішінде ұлтабарды ерекше бағалайды. Ұлтабар - әйел адамдарға жақын тағам. Сонымен қатар, қазақ ұлды "шаңыраққа ие болып қалатын адам" деп бағалайды ғой", - деді ол.

Света Айтбаеваның айтуынша, жақында ғана ұлтабар жеген келіні ұлды болған.

"Бізде жақсы жаңалық бар. Жақында келініміз ұлды болды, бүгін сол келінімді перзентханадан шығарып алуға барамыз. Ол осындай ұлтабардың дәмін татқан жақсы бір келініміз еді. Ұлықпан Жолдасовтың ұлы Болаттың бөпесі. Ұлтабарды кәделі, сыйлы табаққа салады. Ет турап отырған адам оны аңғарып, ұлтабардың майлы, нағыз шошайып тұрған бөлігін кесіп алып, "ұлды болсын, ұрпақ көбейтсін" деген мақсатпен жас келінге ұсынады", - деп түсіндірді әнші. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек