"Ауруханада "Әділдік қайда? Әділдік жоқ!" деп айғайлап жатқан" - Ербол Сыпатаевтың інісі қайғылы оқиға болған күн туралы

"Ауруханада "Әділдік қайда? Әділдік жоқ!" деп айғайлап жатқан" - Ербол Сыпатаевтың інісі қайғылы оқиға болған күн туралы
Фото: Ержан Сыпатаев ұсынған

Ержан Сыпатаев - 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ербол Сыпатаевтың інісі. Ол ағасы мерт болған қаралы күнді әлі күнге дейін ауыр еске алады. Massaget.kz тілшісі Ержан Сыпатаевпен сұхбаттасып, Ербол Сыпатаевтың балалық шағы, отбасы және қайғылы оқиға болған күн туралы әңгімелесті. 

"Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет білдіре алатын, тәрбиелі азамат болған"

Ербол Сыпатаев үйінің тұңғыш ұлы. Інісі Ержан Сыпатаевтың сөзінше, оқушы кезінде мектепте белсенді азамат болған. 

"Арамыз 1,5 жас. Ербол 1964 жылы 10 наурызда сол кездегі Алматы облысы Панфилов ауданы Еңбекші ауылында туған. Ербол үлкенді құрметтеп, кішіге ізет білдіре алатын, тәрбиелі азамат болған. Қарапайым отбасында дүниеге келген. Отбасымыздың тұңғыш ұлы. Жалпы 4 ұл, бір қызбыз. Мектепті жақсы оқып, үздік бітірген. Кеңес үкіметі кезі ғой, ол кезде комсомол ұйымы болатын. Соны басқарған. Барлық қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын. Мектепте газеттерге мақала да жазып жүретін", - дейді Ержан Сыпатаев.  

Ербол Сыпатаев - жетім деген жалған ақпарат

Желіде Ербол Сыпатаевтың ата-анасы жоқ, ол жетім деген ақпарат бар. Ержан Сыпатаев бұл жалған ақпарат екенін жеткізді. 

"Кезінде адамдар ауылға іздеп барған кезде үйде болмай қалған жағдайларда ешкіммен жолыға алмай кеткен. Осылайша жалған ақпарат тарап кеткен болуы керек. Мен ол ақпараттарды таратқан адамдармен кездестім, өзіме ештеңе айта алмай қалды. Бұл тарихқа таңба салу ғой.

Неге олай тарап кеткенін түсіндіріп берейін. Ербол - үйіміздің тұңғышы, әкемнің ағасында баласы болмай, Ерболды сол кісілердің бауырына басып берген. Алайда ол кісілер өмірден өткеннен кейін, Ербол мектепте жүрген кезінде-ақ өз отбасына оралған еді. Ауылға іздеп барған адамдар осы әңгіменің шет-жағасын естіп, ата-анасы жоқ деген жалған ақпарат таратып жіберген", - дейді Ержан Сыпатаев. 

Желтоқсан оқиғасы: Ербол Сыпатаев 2-курста

Ербол Сыпатаев 1981 жылы мектепті бітіріп, сол жылы Алматыға келіп, оқуға түсе алмаған екен. Артынша ауылға барып, жүргізушілерге арналған 6 айлық курсты оқып, ата-анасына қамқор болу үшін ауылда жұмыс істеген.

"Одан кейін 1983 жылы әскерге барып келді. Әскерден келе сала Алматыдағы энергетика институтына оқуға түсті. Оқиға екінші курс оқып жүрген кезінде болған ғой. 

Сол жылдары мен де Алматыда болған едім. Дайындық курстарында оқып жүрдім. Оқиға болардан 10 күн бұрын кездестік. Ата-анамыз сырқаттанып, мен ауылға кететін болдым. Желтоқсан оқиғасынан 10 күн бұрын ауылға кеттім. Соңғы сөйлескенімізде "Жаңа жылдан кейін үйленсем" деп жүрген еді. Сондай жоспары болған еді", - дейді Ержан Сыпатаев. 

Ербол 18 желтоқсанда кешкі сегіз шамасында ауыр жарақат алған. Алаңда алдыңғы қатарда тұрып, алаңды қуып, таратуға бұйрық берілген кезде жан-жағындағы достары, қыздарды қорғау барысында басынан қатты соққы алған.

"Әскерилер сапер күрегімен басынан ұрған. Осылайша қатты жарақат алып, ауруханаға түскен. Әділдік іздеп, дәрігерлермен сөйлескен кезде олар Ербол "Әділдік қайда? Әділдік жоқ!" деп айғайлап жатқанын айтты. Сол кездегі құқық қорғау органдарының берген мәлімдемесі де бар. Олар "Ербол Сыпатаев 2 күн бойы алаңда басқарушы болды. Егер өліп қалмағанда қатаң түрде жазалап, соттайтын едік" деген". 

Ербол Сыпатаев 23 желтоқсанда алған жарақаттары салдарынан ауруханада қайтыс болды.

"Содан кейін қатаң түрдегі күзетпен сол кездегі КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті-еск.) табытты ауылға апарды. Бізді қорқытып, күштеп, табытты аштырмай жерлеуге бұйрық беріледі. Ол кезде әскерден жаңадан келген кезім. Мен, жолдастарым, сыныптастарым қарсылық көрсетіп, табытты аштық. Азаматтардың қайсарлығының арқасында табыт ашылады. КГБ өкілдерінің амалсыз шегінуіне тура келді. Милиция да алақандай ауылды қоршап алып, "халық жауы" деген секілді сөздер таратты. Сол жылдары қысымдар жасалды. Ол ата-анамыз үшін де ауыр соққы болды. Соның салдарынан анамыз небәрі 55 жасында өмірден өтті.

Ербол "халық жауы" атанғанымен ауылдастарымыз, жақындарымыз отбасымыз қандай екенін, Ербол қандай жігіт болғанын біледі. Бұл тек сол кездегі биліктің, үкімет тарапынан айтылған әңгіме ғой", - дейді Ержан Сыпатаев. 

Ербол Сыпатаев 1996 жылы ақталды.

"Оған дейін қанша мекеменің есігін қақтық? Біз үшін ең бастысы сол - Ербол ақталды. Өзі білім алған мектепке Ерболдың аты берілді. Аудан, қалаларда көше атаулары берілді. Жаркент қаласында ескерткіші қойылды. Мұның бәрі ақталу жолында келген. 

Ержан Сыпатаев (досы Махамбетпен) Ербол Сыпатаевтың құрметіне қойылған ескерткіштің жанында. 2008 жыл

"Ерболды ақтап алу жолында істің ақ-қарасына жетейік деген оймен 1987 жылы ақпан айынан бастап әкем екеуіміз кірістік. Бірақ бастағанымыз сол-ақ еді өзіміз де тергеуге ілініп кеттік. Құқық қорғау органдары тарапынан қорқыту, үркіту болды. Содан 6 ай уақыттай шегере тұрдық. Кейіннен қайтадан қолға алдық. Көзі ашық, кімнің кім екенін түсінетін азаматтар араласты. Ауруханаға түскен жерінен бастап ақтап алу үшін шаруаны қолға алдық. Оның бәрі оңайға соққан жоқ. Әлі күнге дейін ақтала алмай жүрген ұл-қыздар бар", - деді Ержан Сыпатаев.           

Ержан Сыпатаев ұсынған суреттер

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина