Енді Алматы метросында жол жүру ақысын бет-жүзі арқылы төлеуге болады

Енді Алматы метросында жол жүру ақысын биометрия арқылы төлеуге болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы метрополитенінде Face Pay инновациялық сервисі іске қосылды, яғни бұл - бетті тану технологиясының көмегімен жол ақысын төлеу.

Алматы метрополитені баспасөз қызметі мәліметінше, екі стансада, яғни "Абай" мен "Б.Момышұлы" бекеттерінде жасанды интеллект көмегімен жол ақысын бірден төлеуге мүмкіндік беретін Face Pay арнайы терминалы орнатылған. Енді метрополитенмен жүру үшін жетонды бөлек сатып алудың немесе төлем картасын тіркеудің қажеті жоқ, жаңа төлем жүйесі арқылы жылдам әрі қауіпсіз төлеуге болады.

"Турникеттің алдына жасыл "Face Pay төлемі" жапсырмасы орнатылған, сол арқылы турникетке орнатылған камераға қарауыңыз керек. Белбеулер ашылады, ал жол жүру үшін 100 теңге мөлшерінде ақша банк картасынан алынады", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Face Pay - картаны немесе смартфонды қажет етпейтін ыңғайлы, қауіпсіз және жылдам төлем әдісі. Face Pay терминалдары жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Процестің өзі бірнеше секундтан аспайды. Бұл төлем әдісі уақытты айтарлықтай үнемдейді. Бұл ретте жолаушылар әдеттегі төлем әдістерін де пайдалана бере алады.

Сонымен қатар, бұл жүйе Алматы метрополитенінің басқа стансаларында кезең-кезеңімен қосылады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!