Петропавлда сотталған әйелдер банкте шот ашып, баспанаға қаражат жинап жатыр

Петропавлда сотталған әйелдер банкте шот ашып, баспанаға қаражат жинап жатыр
Фото: astanatv.kz

Петропавлдағы әйелдер колониясында 10-ға жуық жеке кәсіпкер ісін дөңгелетіп отыр. Осының арқасында жазасын өтеушілер жаппай екі қолға бір күрек тауып, еңбек етіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Әйелдердің орташа жалақысы 80-100 мың теңге. Олар жалақының басым бөлігін арнайы шотқа салып, жинап жатқандарын айтады. Болашақта баспаналы болуға үмітті.

Ал кейбірі әлеуметтің әлжуаз тобына енетіндіктен, әкімдікке пәтер кезегіне тұрған. Сондықтан жазасын өтеп болған соң мемлекеттік бағдарлама арқылы салынып жатқан үйлерден пәтер алуы мүмкін.

"Менің үш балам бар. Қарызға кіріп кетіп, төлей алмай қалдым. Сол үшін сотталдым. Осында асханада жұмыс істеймін. Көзім нашар көретіндіктен екінші топ мүгедектігін алдым. Жуырда пәтер кезегіне тұрдым. Біз ылғи жалдамалы пәтерде тұрдық. Енді бұйырса, өз баспанамыз болады", - дейді жазасын өтеуші Самал Шәріпова.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан