Алматыда ер адам жасөспірімді қағып өлтіріп, қашып кеткен

Алматыда ер адам жасөспірімді қағып өлтіріп, қашып кеткен
Фото: Видео кадры

Алматыда жасөспірімді қағып өлтірген жүргізуші жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға Қалқаман шағынауданында жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Бала жолды кесіп өтпек болған. Бірақ ол жүк көлігінің астына түскен. Кейін ер адам ГАЗ-53 маркалы автокөлігін мас және есірткі қолданып басқарғаны белгілі болды.

Ол оқиға орнынан қашып, жүк көлігін жақын маңдағы көшеге тастап кеткен. Көлікті тәртіп сақшылары тапты. Бір күннен кейін күдікті Алматы облысынан табылды.

"Жасөспірім, өкінішке қарай, сол жерде көз жұмды. Тексеру барысында 2020 жылы жүргізуші 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Қазір ол қамауда. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі және ҚР ҚК-нің 347-бабы бойынша тергеліп жатыр", - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек