Қазақстанның сыртқы істер министрі Румыния басшылығымен кездесулер өткізді

Қазақстанның сыртқы істер министрі Румыния басшылығымен кездесулер өткізді
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Румынияға алғаш рет тарихи ресми сапармен барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кеше сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бухарестке ресми сапары аясында Румыния премьер-министрі Марчел Чолакумен және Парламент Сенатының төрағасы Николае Чукемен келіссөздер өткізді.

Румыния Үкімет басшысымен келіссөздер барысында экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және екіжақты тауар айналымының көлемін ұлғайту және әртараптандыру үшін қолда бар барлық әлеуетті пайдалану жолдары қарастырылды. ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы бүгінгі келіссөздер қазақ-румын өзара іс-қимылын дамытудың жаңа кезеңін ашатынына сенім білдірді.

Соңғы он жылда Румыния Қазақстан экономикасына 1,57 млрд доллар инвестиция салған.

"Былтыр екіжақты сауда көлемі 2,7 миллиард АҚШ долларына жетсе, биылғы қаңтар-қазан айларында 2,3 миллиард АҚШ доллары болды. ҚМГ-ның Румыния активтеріне тікелей инвестициялары 4 млрд доллардан асты. Соңғы онжылдықта Румыния Қазақстан экономикасына 1,57 миллиард доллар инвестиция салған. Қазақстанда румын капиталының қатысуымен 37 компания тіркелген", - делінген Сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.

Мұрат Нұртілеу екі ел арасындағы байланысты айтты.

"Соңғы үш онжылдықта Қазақстан мен Румыния саяси диалог пен жемісті экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізді. Кешенді күн тәртібін ілгерілетудің салмақты заңнамалық базасы мен тиімді екіжақты тетіктері құрылды", - деп мәлімдеді Мұрат Нұртілеу.

Марчел Чолаку көп қырлы екіжақты кооперацияны тереңдетуге деген көзқарасын растады.

"Біз Еуропалық одақтың стратегиялық серіктесі Қазақстанмен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз және энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты басым салаларда үйлестіру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдауды ұсынамыз", - дейді Чолаку.

Тараптар бірлескен үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің әлеуетін белсенді пайдалануға, сондай-ақ, бейінді министрліктер басшыларының сапарларымен алмасуға уағдаласты.

Сол күні Мұрат Нұртілеу Парламент Сенатының төрағасы Николае Чукемен кездесті. Тараптар парламентаралық және саяси диалогтың даму динамикасын жоғары бағалады, сондай-ақ, екіжақты өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Достық топтарының қызметін жандандыру арқылы екі елдің парламенттері арасындағы байланысты нығайту және екі елдің заң шығарушылары арасында сапарлар алмасуды ұйымдастыру уағдаластығына қол жеткізілді.

Сондай-ақ, Мұрат Нұртілеудің Румынияға алғашқы ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.

Премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бухарестке екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен келіп, Румынияның сыртқы істер министрі Луминица Одобескумен келіссөздер өткізді.

Қазақстан мен Румынияның сыртқы саяси ведомстволары басшылары кездесуінің негізгі тақырыптары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ негізгі өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасу мәселелері болды.

Тараптар барлық деңгейдегі байланыстарды жандандыруға және БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды күшейтуге мүдделілігін растады.

Екі тарап мәдени-гуманитарлық алмасуды одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары білім, ғылым және мәдениет саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Соңғы үш жылда еліміздің астаналарында ұлы ақындар Абай Құнанбаев пен Михай Эминескудің бюсттері, сондай-ақ, "Бухарест" және "Қазақстан" скверлері салтанатты түрде ашылғанын атап өткен жөн.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі министрдің Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, сыртқы саяси зерттеу институттары мен дамуға ресми көмек агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget