Бала неліктен тамақ жегісі келмейді? Дәрігер түсіндірді

Балаңыздың тәбеті болмай, үнемі тамақтанудан қаша ма? Нутрициолог Ұлжалғас Тұрғынбайқызы баланың неліктен тамақтанғысы келмейтініне жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, бала тәбетінің төмендеуіне бірнеше фактор әсер етеді.

"Ең алдымен, баланың ас қорыту жүйесіне назар аудару керек. Егер бала ағзасында паразиттік инвазия белең алса, бұл бірінші кезекте тәбетті қашырады, сондықтан оның бар-жоғын анықтаған жөн. 

Келесі асқазан-ішек қызметінің бұзылуы. Егер баланың асқазан қышқылдығы төмендесе, әр тамақтанудан кейін астың қорытылуы қиындайды. Мұны сезген балада келесі тамақты жеуге деген қорқыныш пайда болады. 

Анемия. Анемиямен ауыратын баланың тамаққа деген тәбеті мүлде болмайды", - дейді Ұлжалғас Тұрғынбайқызы.

Маман егер осы белгілердің бірін байқасаңыз, бірден дәрігерге бару керегін айтты.

Баланың тәбетін қалай ашуға болады?

Аштық. Баланың қарнының ашқанын қаласаңыз, көбірек серуендеп, спорт үйірмелеріне беріңіз, сонда физикалық белсенділіктің арту есебінен баланың тәбеті ашылады. 

Тамақты әрлеңіз. Баланың тәбеті ашылу үшін тағамның түрі әдемі болуы керек. Түрлі пішіндегі  ыдыстарды қолданыңыз, көкөніспен әрлеңіз, табиғи дәмдеуішпен дәмін келтіріңіз.

Асты баламен бірге дайындаңыз. Әдетте бала өзі дайындаған тағамды жақсы жейді. Балаңыз көкөністен жасалған салатты араластырып, картоптың қашан пісетінін бақылап сізге көмектессін.

Тағамды бірнеше рет ұсыныңыз. Көбінесе балалар өзіне таныс емес тағамды жеуден бас тартады, сондықтан асты қайта-қайта ұсыну арқылы балаңызды көндіруіңіз мүмкін. 

Балаңыздың шешімін, қалауын құрметтеңіз. "Жоқ" деп айта алудың өзі бір өнер. Егер баланың шынымен де тамақтануға мүлде тәбеті болмаса, оны қинаудың қажеті жоқ, қарны ашса, өзі тамақ сұрайды. 

Айта кетейік, бұған дейін педиатр балада тәбет болмауының басқа да себебін айтқан еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Абайдың ең қысқа қара сөзі қайсы?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!