Көкшетауда еліктер қаптады: мамандар оның себебін түсіндірді

Көкшетау көшелерінде жүрген еліктер видеоға түсіп қалды. Кеше қала тұрғындары қаланың қақ ортасындағы Абай көшесінен еліктерді түсіріп алған еді. Енді олар қаланың әр тұсында топ-тобымен жайылып жүргені көзге шалынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желі қолданушыларының бір бөлігі еліктер елдімекенде қатты тоңғандықтан жүр десе, біреулер аңдаусызда тамақ іздеп келген деп топшылады. Еліктер Көкшетау ғана емес Атбасар қаласында және күре жолдардың бойында да көзге түскен. 

Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің мәліметінше, қысқы уақытта еліктердің елдімекендерге жақын келуі жиі байқалады. Мамандардың айтуынша, еліктер қар қалың жауып, аяз түскенде қары аз әрі жылырақ жаққа қарай ауады.

Видеолардың бірінде Солтүстік Қазақстанға Ресейден еліктер жаппай көшкені айтылады. Желідегілердің көпшілігі дала жануарына жем-шөп тастап, қамқорлыққа алуды өтінді. 

"Адамдардан көмек күтіп келді ғой. Жем-шөп тастаңыздар", "Өте суық қой. Жылыну және қорек іздеп жүр", "Дәл қазір көл бетінде тобымен жүр", "Қар астындағы мұзды тұяқтары қопара алмайды. Сондықтан адамдардан көмек күтеді. Иттерді де тамақтандырып жатыр ғой. Сондықтан олардың жүрген жеріне шөп тастап, қамқорлық таныту керек", - деп жазды тұрғындар. 

Дегенмен мамандар еліктердің суықтан емес аштықтан келіп жатқанын да айтты. 

"Олар жыл сайын адамдар тұратын елдімекендерге қорек іздеп келеді. Әсіресе, еліктер. Өйткені олар тобымен жүргендіктен қатты қорықпайды. Кей кездері бұғылар да кездесуі мүмкін", - деді орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Ержан Сағынаев.

Абзал Алпысбайұлы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!