"Көршінің жеткіншек ұлы зорлады". Құқық қорғаушы Ляззат Рақышева ел білмейтін құпиясын айтты

"Көршінің жеткіншек ұлы зорлады". Құқық қорғаушы Ляззат Рақышева ел білмейтін құпиясын айтты
Фото: twitter.com

Құқық қорғаушы Ляззат Рақышева ел білмейтін құпиясын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Бесікте уілдеп жатқан бөбек тағдырдың жазуымен жетім қалады. Ана сүтінің дәмін алып та үлгермейді. Кейін кішкене сәбиді 5 жарым жас шамасында көршінің жеткіншек ұлы зорлайды. Балалықтың да бал дәмін татып үлгермеді. Уақыт өте тұрмысқа шығып, ең ауыр күндер басталады. Адамтөзгісіз ауыр кезеңді бастан өткеріп, ақыры ажырасып тынады. Қолында көзі жәутеңдеп қызы қалды. Жар бақыты дегеннің не екенін де ұғыну бұйырмады. Содан соң өмір үшін күрес басталады. Бастан кешкеннің бәрін жеңіп, өзінің және кішкене сәбиінің болашағы жарқын болуы үшін тынбай еңбек ету, шаршамай күресу, өмірден өз үлесіңді алу үшін жан-тәніңмен тырысу керек екенін ұғады. Мұның бәрі шытырман оқиғалы киноның үзіндісі емес, менің бастан кешкенім. Біреу білсе, біреу білмес, қайғы мен қиындық дегеннің не екенін бір адамдай ұғынған, бастан өткерген жанмын", - деп жазған ол. 

Оның айтуынша, сынып кетпеуіне бірнеше адам себепші болған. 

"Сынып кетуге шақ қалғам... Сынбадым...  Сынып кетпеуіме көмектесті көп адам. Менің өмірге деген құлшынысымды оятқан жан көп емес. Бірақ мен үшін өте қымбат, жаныма жақын: жан жарым, балаларым, туғандарым, достарым...  Ал кәсіби тұрғыда бастан кешкеннің бәрін ақылмен меңгеріп, психологиялық тұрғыда "қайта тірілуім" үшін маған психологтың көмегі керек болды. Маманды мықтап іздедім. Ақыры таптым. Арада қанша уақыт өтсе де, сол таңдауыма еш өкінген емеспін. Әлі күнге дейін бірге жұмыстанып, Ләззат Рақышеваның ең мықты нұсқасын бірге жасап келеміз. Әлі күнге әлсіреп, сынып кетуге шақ қалған сәттерде сабыр іздеп алдына барамын", - дейді ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек