250 мың теңге, тегін жол жүру, дәрі-дәрмек, протез: желтоқсаншыларға қандай көмек беріледі?

250 мың теңге, тегін жол жүру, дәрі-дәрмек, протез: желтоқсаншыларға қандай көмек беріледі?
Фото: encyclopedia.kz

1986 жылы Алматыда қазақ жастары Тәуелсіздік жолында бас көтерді. Арамызда әлі де сол оқиғаны көзбен көрген, қатысқан желтоқсаншылар бар. Massaget.kz тілшісі осы орайда желтоқсаншыларға қандай көмек барына шолу жасап, жауапты ведомстволарға ресми сауал жолдады.

  • Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға қандай әлеуметтік көмек бар?

Қалалық әкімдік мәліметінше, қазір Алматыда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан 670 адам тұрады. Алматы қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 шілдедегі №347 "Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне сәйкес желтоқсаншыларға әлеуметтік көмек беріледі екен.

"Тәуелсіздік күні 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" заңда белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға 250 мың теңге (2023 жылдан бастап) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі", - делінген әкімдіктің Massaget.kz сайтына берген жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін жыл сайын 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушылар Тәуелсіздік күніне орай 150 мың теңге алып келді. Биыл бұл көмекті 702 адам алады. 

  • Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік бар ма?

Әкімдік мәліметінше, Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға Алматы қаласы мәслихатының 2015 жылғы 15 қыркүйектегі № 367 "Алматы қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жолақы жеңілдігін беру туралы" шешіміне сәйкес қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік қарастырылған.

"ҚР 1993 жылғы 14 сәуiрдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" заңында белгіленген тәртіппен ақталған, 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) тегін жол жүру мүмкіндігі берілген", - делінген әкімдіктің Massaget.kz сайтына берген жауабында.

  • Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға медициналық көмек көрсетіле ме?

Қалалық медициналық ұйымдардың мәліметі бойынша Желтоқсан оқиғасына қатысқан 682 адам медициналық бақылау үшін қала емханаларында тіркелген.

"Бұл санаттағы адамдар қатерлі ісік пен жүрек-тамыр жүйесі ауруларын дер кезінде анықтау мақсатында профилактикалық тексерулерден, терапевт, уролог, гинеколог консультацияларынан, ЭКГ, ФГ аспаптық тексерулерінен, зертханалық зерттеулерден өтеді. Жоспарланған іс-шараларға сәйкес 430 адам тексерілді", - делінген медициналық ұйымдар мәліметінде.

Сонымен қатар, тегін амбулаторлық қамтамасыз ету туралы бұйрыққа сәйкес динамикалық бақылауда тұрған Желтоқсан оқиғасына қатысушылар тегін дәрі-дәрмек алатыны хабарланды.

"Алматы қалалық мәслихаты жыл сайын осы санаттағы адамдарға тіс протезіне қаражат бөледі. Мәселен, 2023 жылы 29 науқасқа жергілікті бюджет есебінен 991 131, 89 теңге сомасына тіс протезі жасалды", - делінген медициналық ұйымдар мәліметінде.

  • Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға қандай да бір зейнетақы қарастырылған ба?

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мәліметінше, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарға арнайы зейнетақы төлемі қарастырылмаған. Олар тек жасына байланысты зейнетақы алуға құқығы бар.

"Ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылға дейін 61 жасқа толғанда беріледі. Сонымен қатар, төтенше және ең жоғары радиациялық қатері бар аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз - 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңына сәйкес ерлер 50 жасқа толғанда, әйелдер 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алуына құқығы бар. Одан бөлек, 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алуға құқығы бар", - делінген департаменттің ресми сауалға жауабында.

  • Желтоқсаншыларға басқа қандай сыйақы, жәрдемақы қарастырылған?

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мәліметінше, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар азаматтардың немесе зейнеткерлердің арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар.

"Жәрдемақы тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясына мына құжаттар ұсынылады: саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедек болып қалған немесе зейнеткер саналатын саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдар мүгедектігі туралы анықтама, зейнеткерлік куәлік, ақталған азаматтың куәлігі немесе прокуратура органдарынан немесе ішкі істер немесе ұлттық қауіпсіздік органдарынан ақталғаны туралы анықтамалары немесе ақталғаны туралы соттың шешімі (шешімін ұсынады - еск.). Жәрдемақының мөлшері - 1,23 айлық есептік көрсеткіш", - делінген департаменттің ресми сауалға жауабында.

2023 жылы айлық есептік көрсеткіш - 3450 теңге. Демек, бұл - 4243 теңге.

Еске салайық, бұған дейін де Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қанша теңге берілетіні туралы жазған едік.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова