"Ұрпақ жаңа жыл Тәуелсіздік күнінен қымбат деп санаға сіңірмесе болғаны". Жаңа жылға ерте дайындалу қаншалық дұрыс?

"Ұрпақ жаңа жыл Тәуелсіздік күнінен қымбат деп санаға сіңірмесе болғаны". Жаңа жылға ерте дайындалу қаншалық дұрыс?
Фото: Ашық дереккөз

"Тәуелсіздік" деген сөздің қадір-қасиеті айналада аласапыран, көрші елдерде қиян кескі соғыс жүріп жатқан кезде бірнеше есе арта түскен секілді. Жыл сайын 16 желтоқсан қарсаңында ғана "Тәуелсіздік күні" көптің есіне түсіп жататыны жасырын емес. Өйткені ай бастала сала жаңа жылға қауырт дайындық басталып, айнала қызылды-жасылға боялып, "Тәуелсіздік күні" тасада қалып кетеді. Massaget.kz тілшісі Желтоқсан оқиғасына қатысушымен сұхбаттасып, Тәуелсіздік мерекесінен бұрын жаңа жылға дайындық бастау қаншалық дұрыс екенін сұрады.

"Өскелең ұрпақ жаңа жыл Тәуелсіздік күнінен қымбат деп санайды"

Әлеуметтік желіде де бұл мәселе бұрыннан айтылып келе жатыр. Тіпті Қазақстанның түкпір-түкпірінде басталып кететін жаңа жылға дайындыққа қарсылық та жоқ емес.

"Кейбіреулерге бұл ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін, дей тұра нағыз өзектен теуіп тұрған жағдай осы болмақ. Қазір өзіндік дағдыға айналды ма, білмеймін, әйтеуір сәл көрінер-көрінбес қар жауса болды кейбір әмбебап дүкендер жаңа жылдық әшекейлерді іліп, жан жақтан безендіру басталып кетеді. Сөйтіп, шын мәнінде нағыз ұлы мереке, азаттықтың ақ таңы атқан Тәуелсіздік күні тасада қалып қояды. Идеология тұрғысынан қарайтын болса, барып тұрған кереғар дүние. Тәуелсіздік күнін аттап өту саналы кісінің намысын таптаған болса, өскелең ұрпаққа жаңа жыл Тәуелсіздік күнінен қымбат екенін санаға сіңіреді. Сайып келгенде болашақ ұрпақ мерекенің мерекесі Тәуелсіздік күні екенін түсініп өсіп-өнуі бек қажет. Осы тұрғыда құрметті Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Сәтбаев Ішкі саясат бөлімі, Бірінші жезқазғандық мәдениет тілдерді дамыту бөлімі жеке кәсіпкерлік нысандарға, әмбебап дүкендер басшылығына қатаң ескерту жасап, алдағы жетіде "Тәуелсіздік күні жаңа жылдың көлеңкесі емес" дейтін тұрғыда қала төңірегінде мониторинг жүргізсе екен дейміз. Суретте өткен жылдың қараша айындағы безендірілген Жангелдин көшесіндегі "Большая семья" дүкені", - дейді Дастан Абдырахманұлы есімді желі қолданушысы. 

"Астанада 17 желтоқсанда бас шырша жағылады, Алматы қызылды-жасылға боялған"

Желтоқсан оқиғасы өткен Алматыда көшелерден бастап ірі сауда орындарына дейін безендіріліп қойған. Халық мерекелік көңіл күйді сезініп үлгерген.

Суреттер: Massaget.kz

Ал бас қала Астанада биіктігі 25 метр болатын бас шырша дәл 17 желтоқсанда сағат 20:00-де EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында жағылады екен. 

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"30 жыл бойы Желтоқсан оқиғасына қатысқанымды ата-анама да айтпадым"

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасында ұстаздық етіп жүрген Роза Өмірбекова 1986 жылы алаңға шыққан. Алайда бұл туралы ол 30 жыл бойы ешкімге тіс жармаған. Бүгінде шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз жас кезінде алаңға шығуына не түрткі болғанын әңгімелеп берді.

"Баршаңызды ұлы мереке Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Ұлы мереке деп айтуымның өзіндік себебі бар. Осы ұлы мерекеге тамшыдай үлес қосқаным үшін кеудемді мақтаныш кернейді. Себебі 1986 жылы 18 жаста болдым. С.М. Киров атындағы мемлекеттік университеттің студенті едім. Басынан бастап қысқаша айтсам, 16 желтоқсанда құлағымызға бірінші хатшы болып Колбин сайланайын деп жатыр деген сөз жетті. Сол сөзге ішімнен ойлансам керек. Әрі жастығым бар, әрі балалығым бар, аса саяси бір мән беріп қараған жоқпын. Жатақханада бір бөлмеде 3-4, 4-5 қыздан тұрамыз. Бұл жалпы қазақтың ішіне шер болып қатқан нәрсе деп ойлаймын. Өйткені ауылдан, Отырар елінен студент болып Алматыға арман арқалап келген кезімде біраз нәрсеге таңғалып жүрдім. Көлікке мінгенде, "билетті беріп жіберіңізші" десеңіз, сізге автобустың ішіндегі адамдар жалт қарайтын. Сонда бұл біздің қаншалық сорлылығымыз деп ойлайтынмын. Бұл - жай ғана бір мысал. Университеттің іс-шараларына, кәсіподақ ұйымының жұмысына араластым. Сол кезде мен секілді қазақша білетін студенттер өте аз екеніне таңғалатынмын. Комсомол комитетінің бірінші хатшысы орысша білетін жігіт, оның орынбасары да орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын. Яғни студенттер ұйымында қандай басшылық орындар бар, соның бәрі орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын жігіттер. Әрине, олар елжанды, ұлтжанды деп айта алмаймын. Сол кезде талдау жасай бастадым. Мен сияқты орысшаны нашар білетін қазақтың қыз-жігіттері некен саяқ екен. Сол кезде орысша білген адам ғана өседі, орысша білген адам ғана жетістікке жете алады деп ойлайтын едім. Қазір Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты, жағдай мүлде басқа. Өзімнің басымдағыны ғана айтайын, сол кездерде ашу-ыза іште қордаланып жатты", - деп әңгімеледі желтоқсаншы Роза Өмірбекова.

Жеке архивтен

Сол кездегі көрініс Роза Өмірбекованың есінде әлі күнге сақталған. Желтоқсан оқиғасына қатысушының сөзінше, талай қыршын көз жұмған сол оқиғадан қалған үрейден тіпті құрбысымен бұл туралы әңгімелесуге сескеніпті.

"Ертесіне таңертең сабаққа бардық. Сол күні ертерек келдік. Асханада тамақ істеп жүрген кезде қыздар арасында "алаңға барайық, өз ойымызды айтайық" деген әңгіме болды. Бірақ бізді ешкім үгіттеп, үнпарақ таратып, "былай ет" деген жоқ. Өзім естіген жоқпын. Асханаға барғанымыз, қыздармен пікірлескеніміз, ішіміздегі ашу-ызаны айтқанымыз есімде. Содан жиналып алдық. Аса қалың да киінген жоқпын. Ол кезде қатты болмаса да биік өкше етігім бар. Алаңда ондай жағдай болып жатыр деп ойлаған жоқпын. Бірақ өзім саналы түрде ойланып, ішімдегі ыза-кектің бәрін түйіндеп алып, алаңға баруды шештім. Сөйтіп, Нұргүл Бейсеева, Хадиша Оразбаева есімді құрбыларым бар - бәріміз жиналып, әл-Фараби даңғылынан жүретін автобустарға мініп алып, шамамен 3-те алаңға барып қойдық. Одан арғы жағдай белгілі. Түскі 2-3 шамасында барғаннан таңғы 4-5-ке дейін алаңда болдық. Айтқанға оңай, бірақ 12-13 сағат аш құрсақ 30 градус аязда суға малшынып, түтінге тұншығып, қанға малынып сол алаңда жүрдік. Қазақ жастары бастан кешкен нәрсені мен де көрдім. Бақытымызға орай, басымызға дубинка тимеді. Деректі фильмдерде қалай көрсетіледі, сол - боямасыз шындық. Сол жастар тізіліп, қыздар ақ қардың үстінде кірпіктері қимылдап жатты. Сол кезде тоңғанымды да, қарным ашқанын да білген жоқпын. Бұл сол - 17 желтоқсандағы жағдай. 20 мыңдай студенттің, жастардың ішінде өзімнің де болғанымды мақтан етемін. Оны мен 30 жыл жасырып келдім, ешкімге айтпадым. Сұралғанымды да, қудаланғанымды да айтпадым. Тобымыздың татулығының арқасында бір-бірімізді ұстап бермедік. Ешқайсымыз оқудан шықпадық. Бірақ жаныма жара салды, содан жүрегім ауыратын болып қалды. Тіпті сол кездегі қорқынышымыз, үрейіміз 25-30 жыл бойы бір ауыз тіс жарып айтпайтын хәлге жеткізді. 7-8 жыл бұрын суретіміз газетке шыққаннан кейін құрбым "қанша жыл үндемей жүреміз" деді. Тіпті жан құрбыммен 30 жылдан аса уақыт отбасы болып араласамыз. Сенсеңіздер, бір рет жеке өзіміз Желтоқсан туралы сұхбаттасып айтпағанбыз. Соншалық қорқыныш, үрей мысымызды басып тастаған. Әлі күнге ұмытпадық. Құрбым өмірден өтіп кетті. Өмірден кететінін білді ме, сол жылы менің қолтығыма су бүркіп, "көргенімізді айтайық, несіне жасырамыз, батыр болып, бірнәрсе көздеп жатқан жоқпыз" деді. Оның осы сөзі түрткі болды. Сөйтіп, 5-6 жылдың көлемінде ғана Желтоқсан туралы айтып жүрмін", - дейді ол.

"Желтоқсандық батырларды қатты қынжылтады"

Желтоқсаншылардың басым көпшілігі, оған қатыспаса да сол оқиғаға қанық жандар әлі күнге Тәуелсіздік алаңы болған жерді аяқпен таптау дұрыс емес екенін айтып келеді. Өйткені бұл қасиетті жерде жастардың қаны төгілді. 

Желтоқсан оқиғасына қатысқан батырларды қынжылтатын тағы бір дүние - Тәуелсіздік мерекесінен бұрын жаңа жыл тойлануы. Роза Өмірбекова да осындай пікірде.

"Тәуелсіздік - еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін елдің еңсесін көтерген күн. Барша қазақ жұртына бағасы мықты, мән-мазмұны терең мейрам. Біз әртүрлі қысылтаяң уақыттан өттік. Тіліміз де дәрменсіз болды, діліміз де дәрменсіз болды. Сондай шақта адамға Тәңірдің берген тәтті сыйы деп ойлаймын. Бабаларымыздың сан ғасырғы арманы ғой, мұраты, бабаларымыз осы тәуелсіздіктің жолында өздерінің жанын пида етті. Сондықтан бұл қазақ халқы үшін қадірлі күн деп ойлаймын. Тәуелсіздікпен бірге ана тіліміз қайта келді. Ата дінімізбен қайта қауыштық. Салтымыз-дәстүріміз жаңғырды. Бұрын тілді, дінді насихаттау қылмыспен тең болды. Ерік-жігердің арқасында жеткен, қанмен, термен келген Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау әрқайсымыздың міндетіміз деп ойлаймын. Дегенмен қынжылататын нәрселер көп. Мысалы, Тәуелсіздіктен гөрі желтоқсан айы бастала салысымен жаңа жылға дайындалып кетеміз. Осы мәселе менің қатарластарымды, желтоқсандық батырларды қатты қынжылтады. Бұл біздің еншімізде емес. Дегенмен билік неге қорқады, отыз жылдан аса уақыт өтсе де неге желтоқсан оларды үрейлендіреді, білмейміз. Кенесары хан мен Махамбеттің, Әлихан мен Ахметтің, Қайрат пен Ерболдың қаны текке кетпеді деп өзімізді жұбатып жүрміз ғой. Бірақ тұғырлы тәуелсіздік мерекесінен неге қорқатынын түсінбейміз. Билікке тісіміз батпайды. Қанша айтылса да бұл мәселені орындата алған жоқпыз. Сондықтан бұл бізді қатты қынжылтады. Біздің Желтоқсан қоғамы бар, онда 200-ге тарта желтоқсандық батыр - қоғам мүшесіміз. Бізге мемлекеттен қаржы бөлінбейді, 86 жылғы 20 мыңдай жастың арасында болған 200 адам өзіміз іс-шаралардың бәрін жеке қаржымызға немесе жағдайы дұрыс желтоқсаншы болса, солар демеуші болып атқарып жүрміз. Шыршамен көмкеріп жалтыратып тастайды. Оларға ескерту айтсаң, "әкімдіктен келген нұсқау" дейді. Әрбір қасіреттің артынан ақ таң ататыны қақ қой. Бұл да бір күні жойылар деп ойлаймыз", - дейді Роза Өмірбекова. 

Жеке архивтен

"Әр адам өзінен бастау керек. Өзі отырған кабинетке, сабақ беретін дәрісханасына мемлекеттілігімізді нақыштайтын туды, суретті іліп қойса, әлеуметтік желіде насихаттаса екен. Бір-бірімізге сыйлық бергенде тәуелсіздікке байланысты сыйлықтар беріп, әлеуметтік желіге жариялап, осындай кішкентай әрекеттерден бастасақ болады. Бірақ бұл бізді қанша қынжылтса да тосқауыл бола алмай жатырмыз", - деп түйіндеді әңгімесін Роза Өмірбекова.

Жеке архивтен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова