27 градус аяз: алматылықтарға ауа райына байланысты ескерту жасалды

27 градус аяз: алматылықтарға ауа райына байланысты ескерту жасалды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Алматы тұрғындарына қатты аязға байланысты ескерту жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматылықтарға 112 ТЖД қызметінен 13-14 желтоқсан аралығында қалада 23-27 градусқа дейін қатты аяз күтілетіні туралы хабарлама келді. Сондай-ақ, қала тұрғындарына қар жауатыны да ескертілді.

Қазгидромет мамандары Алматыда алдағы үш күнде ауа райы қандай болатынын айтты.

12 желтоқсанда қар жауады, түнге қарай ол күшейіп, тұман түседі. Жел екпіні секундына 2-7 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы 12-13 градус аяз болады.

13 желтоқсанда жауын-шашын жаумайды. Жел екпіні секундына 0-5 метр болады. Түнде 23-25 градус көлемінде қатты аяз күтіледі, күндіз 18-20 градус аяз болады.

14 желтоқсанда да жауын-шашын жаумайды. Түнде ауа температурасы 27 градусқа дейін төмендейді, күндіз 15-17 градус аяз болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова